Куәгер ҚазТАГ-пен заңсыз келісім-шарт жасалғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Әзірше сот куәгерлерден жауап алуда. Бұл жолғы сот отырысында Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бұрынғы лауазымды қызметкерлері сотқа жауап берді.

Куәгер ҚазТАГ-пен заңсыз келісім-шарт жасалғанын айтты

Айта кетелік, сотқа дейінгі тергеу іс-шараларынан анықталғандай, 2010-2015 жылдар аралығында Сейітқазы Матаев өз ұлы - «ҚазТАГ ХАА» ЖШС-інің бас директоры Әсет Матаевпен бірлесіп алдын-ала бір топ адамдармен сөз байласып, алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырды. Ұрланған ақшаның көлемі 169 млн. теңгені құраған.

Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Бек Арпабаев сотта ҚазТАГ агенттігінің мемлекеттік сатып алу конкурсында қалай жеңімпаз болғанын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. «Комитеттің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев бір көзден қаржыландыруға мемлекеттік сатып хаттамасын дайындауға нұсқау берді. Ол жерде ҚазТАГ агенттігі конкурс жеңімпазы ретінде көрсетілді»,- деп хабарлады куәгер сотта.

Өз кезегінде Б. Арпабаев комитет қызметкерлеріне қажетті құжаттарды дайындауға нұсқау береді. «Осылайша ҚазТАГ-пен заңсыз келісім-шарт жасалды. Бұл заңсыз шешім болатын. Себебі ҚазТАГ бұған дейінгі мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан жоқ. Біздің мұндай келісім-шарт жасауға қақымыз жоқ еді. Соған қарамастан, бұл келісім-шарт жасалжы»,- деді ол соттағы жауабында.

Куәгер комитетте ҚазТАГ-тан келген есептерді қабылдау кезіндегі заңсыздықтар туралы да әңгімеледі. «Атқарылған жұмыстар туралы актіде де кемшіліктер көп болды. Ай сайын агенттік 40-50 жаңалық тарату керек болса, оның орнына бар-жоғы 100 жаңалық таратылды. Сонымен қатар, аталған агенттік таратқан жаңалықтарды кез-келген оқырман оқи алмайтын еді. Өйткені ақпарат жабық таратылды. Бұл да үлкен заң бұзушылық болып табылады»,- деді Б. Арпабаев. Прокурордың атқарылған жұмыстар туралы актіні неге тексермегені жөніндегі сұрағына ол: «Мен Сейітқазы  Матаевқа сенгендіктен атқарылған жұмыстар туралы актіні тексермедім» деп жауап берді.

Айта кетелік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 65-інші бабыан сәйкес, өзінің теріс қылықтарына өкіну мен тергеуге көмектесуіне байланысты Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің, «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапкершіліктен босатылған болатын.
                                                                                                                                                                 Әмірлан Әлімжан