Куәгер Жаманқұловқа арналған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырылғаны туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі
Соттың бүгінгі отырысында осы іс бойынша «Т.К. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің есепшісі Назгүл Жүнісова түсінік берді. «2014 жылдың мамыр айында Тұңғышбай Жаманқұлов «Феникс» кинофильмін түсіру үшін мені «Т.К. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің есепшісі ретінде жұмысқа шақырды. Бірінші транш - 10,5 млн. теңге 2014 жылдың мамыр айында жіберілді. Осы соманың 8,3 млн. теңгесі сценаристің есеп-шотына аударылды. Фильмнің өндірісіне ақша 2014 жылы 15 мамырда түсті»,- деп әңгімеледі куәгер.
Оның айтуынша, Тұңғышбай Жаманқұлов «Феникс» кинофильмінің түсіру тобымен тұрақты түрде жиналыс өткізген. Сол жиналыстарда жұмыс реті талқыланған, сондай-ақ Т. Жаманқұлов түсірушілер тобына тапсырма беріп отырған. «2014 жылы маусым айындағы басқосуда Тұңғышбай Жаманқұлов өзіне 6-7 млн. теңге ақша қажеттігін айтты. Мен ол соманың нақты қанша екенін есімде сақтамадым. Ол «Феникс» фильмінің атқарушы продюсері Наталья Юдинаға ақша жинауға тапсырма берді. Бір апта уақыт өткен соң Наталья Юдина телефон шалып, маған есеп-шоттан 717 мың теңгені алуды өтінді. Өйткені, оған осы көлемдегі сома жетпеген. Ал ақшаны мен Керімжан Есбаевтың («Феникс» кинокартинасының директоры - автор.)көзінше сейфке салдым»,- деді Назгүл Жүнісова соттағы сөзінде.
Сондай-ақ, куәгер арада біраз уақыт өткенде сейфте 5,2 млн. теңге жиналғанын әңгімеледі. Бұл ақша Тұңғышбай Жаманқұловқа берілген. «2015 жылы қаңтар айында мен фирманың есеп-шотынан қалған сома - 1,7 млн. теңгені алып, кеңседегі шкафқа салдым. Алайда, ақшаны сол күйінде ұмыт қалдырыппын. Кейін тергеу барысында ол ақшаның қалғаны есіме түсіп, қайта алып, «Т.К. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің есеп-шотына салдым»,- деп түйіндеді сөзін куәгер.
Бұған қоса, Н. Жүнісова «Феникс» фильмін түсіруге қатысты басқа да қаржылық былықтар туралы әңгімеледі. «Менің білуімше, картинаның режиссері Талғат Жәнібековке және редакторы Ғизат Сұлтановқа қосымша ақы төленді. «Феникске» тартылған әлеуетті жеткізушілер мен қызмет түрлерін ұсынушылардан түскен қаражат бірден қолма-қол ақшаға айналдырылып отырды»,- деді ол.
Айта кетелік, тергеу барысында Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің қорғаушысының көзінше бюджет қаражатын ұрлағанын толық мойындады.
Сондай-ақ, жымқырылған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалғанын айтты.Тергеу нәтижесінде белгілі болғаны, «Феникс» кинофильмінің алғашқы және дайындық кезеңдерінің өндірісіне деп «T.K. Turan Universal Business» ЖШС-іне 79 млн. теңге аударады. Соның ішіндегі 69 млн. теңгесін жоғарыда аты аталған компания арқылы кинокартинаның бас продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов ұрлаған. Аталған компанияның құрылтайшысы да - Т. Жаманқұлов. Ақша қосалқы мердігерлік ұйымдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейінірек Т. Жаманқұловқа жеткізілген.
Әмірлан Әлімжан