Куәгерлер Алматыда автобустың қалай апатқа ұшырағанын айтты

автобус апаты
Фото: Досбол Атажан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, салдарынан 1 адам мерт болды және 25 жолаушы зардап шекті. Kazinform тілшісі оқиға орнына барып, қазіргі мән-жаймен танысып қайтты.

Жол-көлік оқиғасы кезінде жұмыс орнында болған Әсем Сарғалиева автобус апаты болған кезде жедел жәрдем шақырғанын айтады.

Оның сөзінше, жол қиылысынан бұрыла берген жеңіл көлікке автобус соғылған.

автобус апаты
Фото: Досбол Атажан

- Мен апат болған жерге қарама-қарсы ғимараттың бірінші қабатында жұмыс істеймін. Бүгін жұмыста отырғанымда бірінші көліктің бұрылғанын көрдім. Оған келіп автобус соғылды. Далаға шыққанымда жолаушылар автобустың терезесін сындырып шығып жатты. Адамдар көмекке шақырып, айқайлағанын естігенімде бірден жедел жәрдемге хабарластым. Сосын әріптестерім автобустан адамдарды шығаруға көмектесті. Кей адамдардың қол-аяқтары қанаған болды, кейбірінің аяғы сынған. Оларды жедел жәрдем көлігі алып кетті. Жедел жәрдем бригадасы жылдам, небәрі 5 минутта келді. Ал полиция 8-9 минут өткенде келгенін көрдім, - деді ол.

автобус апаты
Фото: Досбол Атажан

Сондай-ақ Әсем Сарғалиева қайтыс болған азамат оқиға кезінде дүкеннен шығып келе жатқанын айтты.

- Менің естуімше және байқағаным бойынша, ол кісі дүкеннен шығып келе жатқан. Сол кезде оны автобус басып кеткен, - деді куәгер.

автобус апаты
Фото: Досбол Атажан

Еске салайық, Алматыда 18-ші бағыттағы автобус апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты.

Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы автобустың ішінде болған жолаушылардың 25-і зардап шеккенін мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram