Куәгерлер С. Матаевтың банктен 606 млн. теңгеден астам ақша алғанын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың іс бойынша куәгерлерден сотта жауап алу одан әрі жалғасуда.
Бүгінгі сот отырысында «Салық төлеуден жалтару» эпизоды бойынша сотқа түсінік берген куәгерлер Сейітқазы Матаевтың банктен қолма-қол ақша алғанын әңгімелеп берді.
Кешегі сот отырысында сотқа жауап берген куәгерлердің бірі - аудитор Евгений Юнусов бизнес-аудиттік тексерістің нәтижесінде 2005 жылдың 1-інші қаңтарынан 2016 жылдың 25-інші ақпанына дейінгі аралықта банктен жалпы сомасы 606 млн. 809 мың 785 теңге алынғанын, соның ішінде Сейітқазы Матаевтың түбіртек кітапшасынан 474 млн 369 мың 155 теңге алынғанын айтқан болатын.
Е. Юнусовтың соттағы сөзін куәгер, банк қызметкері Маргарита Пак растады. Оның айтуынша, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің ерекше мәртебесі болмағандықтан, оған Алматы қаласындағы банктердің кез-келген бөлімшесінің менеджері қызмет көрсете алады. «Мен «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлерінен тек Сейітқазы Матаевты танимын. Өйткені ол банкке үнемі өзі ғана келетін. Банк шотындағы ақшаны да өзі алатын. «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің атынан келген С. Матаев банктегі мынадай операцияларды іске асырды: ақша алғаны үшін кассаға төлем төлеу, төлем құжаты, ақша айырбастау операциялары, түбіртек бойынша ақша алу және т.б. іс-қимылдар»,- деп түсіндірді М. Пак.
Куәгер соттағы сөзінде банкі картоякасына сәйкес, ақша алуға тек Сейітқазы Матаевтың ғана құқығы барын айтты. Бұған қоса, тәркіленген құжаттарда банктегі қаражатты тек С. Матаевтың өзі алғаны расталды. Айта кетерлігі, Маргарита Пак С. Матаевтың банктен қанша ақша алғаны туралы сұраққа: «Менің қанша ақша алғаны дәл қазір есімде жоқ. Бірақ ол 50 мың немесе 100 мың теңге емес» деп жауап берді. М. Пактың соттағы айтқан түсінігін банк қызметкері Әлішер Сайдназаров та растады.
Атап айтарлығы, Сейітқазы Матаевтың салық төлеуден жалтарумен қатар, «Ұлттық баспасөз клубының» қаражатын мейрамханалар мен дүкендерге жұмсаған. Бес жылдың ішінде жеке қажеттіліктерге жұмсалған соманың көлемі 279,3 млн теңгені құраған,- деп хабарлады сотта «Бизнес-аудит» ЖШС-нің аудитор-маманы Евгений Юнусов. «Қоғамдық бірлестіктің бухгалтерлік құжаттары жоқ. 2011 жылдың 1-інші қаңтары мен 2016 жылдың 25-інші ақпаны аралығында банктен алынған құжаттар көшірмесі бойынша анықталғандай, электрондық нұсқада азаматтық тұлғалардың карточкалық шотына қоғамдық бірлестіктің есеп щотынан 269 млн. 277 мың 811 теңге аударылған. Азаматтық тұлғалар бұл қаражатты дүкендер мен мейрамханаларға және басқа да мақсаттарға жұмсаған»,- деп әңгімеледі Евгений Юнусов. Бұдан шығатыны, Сейітқазы Матаев қоғамдық бірлестіктің ақшасы есебінен азаматтық тұлғалардың (олардың арасында өзінің туыстары да бар) дүкендер мен мйерамханалардағы шығындарына демеушілік жасаған.
Тергеудің нұсқасы бойынша, Сейітқазы Матаев 2011-2015 жылдары өзінің туыстары мен «Ұлттық баспасөз клубының» мүшесі болып табылмайтын басқа да азаматтардың карточкасына 264, 7 млн. теңге аударған. Айтарлығы, жауапты тұлға ретінде ол ақшадан жеке табыс салығын төлемеген. Сайып келгенде, тергеудің нұсқасы бойынша Сейітқазы Матаев 2011-2015 жылдары 300 млн. теңгеден астам салық төлеуден жалтарған.