Қуаныш Әбілмажинов: Монтажер болу үшін әр кадрдың мазмұнын түсіну керек

АСТАНА. KAZINFORM — Көрермен теледидардан бірнеше минуттық сюжет көреді. Бірақ сол сюжеттің артында қаншама сағаттық еңбек жатқанын бәрі біле бермейді. Кадрларды іріктеу, дыбысты реттеу, оқиғаны рет-ретімен орналастыру — монтажердің күнделікті жұмысы. Президент Телерадиокешені деректі кино орталығының бейне-монтажері Қуаныш Әбілмажинов осы салада он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол телевизияға қалай келгенін, жұмысының қызығы мен қиындығын, монтажер үшін ең маңызды нәрсе не екенін айтып берді.

Қуаныш Әбілмажинов: Монтажер болу үшін әр кадрдың мазмұнын түсіну керек
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Қуаныш Әбілмажинов телевизиядағы еңбек жолын 2015 жылы видеоинженер болып бастаған. 2018 жылы «Ақорда» бөлімінің монтажері қызметіне ауысып, 2022 жылдан бері Президент Телерадиокешенінің деректі кино орталығында жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ол әртүрлі форматтағы материалдарды монтаждап, тәжірибе жинақтаған.

Оның айтуынша, монтажер болу туралы шешім бір күнде қабылданбаған. Алғашында видеоның қалай жасалатыны, кадрлардың бір-бірімен қалай байланысатыны қызықтырған. Кейін монтаждың жай ғана кадрларды біріктіру емес екенін түсінген.

— Бір кадрды өзгерту арқылы көрерменнің эмоциясын да, оқиғаға деген көзқарасын да өзгертуге болады. Сол кезде бұл мамандыққа деген қызығушылығым кәсіби таңдауға айналды, — дейді ол.

Алғашқы жұмыс күндері де әлі есінде. Телевизияда уақыттың маңызды екенін, әр тапсырмаға жауапкершілікпен қарау керегін сол кезде түсінген.

— Монтаждалған материал эфирге шығады, оны мыңдаған адам көреді. Сондықтан тапсырманы дұрыс түсініп, жұмысты белгіленген уақытта аяқтау маңызды. Сол күндер маған тәжірибенің көп нәрсе үйрететінін көрсетті, — дейді Қуаныш Әбілмажинов.

Бір минуттық сюжетке қанша күш жұмсалады

Монтажердің жұмысында бір күн екінші күнге ұқсамайды. Кейде ол толықметражды деректі фильммен бірнеше ай жұмыс істесе, кейде мерекеге немесе белгілі бір күнге арналған бейнероликті қысқа уақытта дайындауы керек. Ал Ақордадағы ресми іс-шаралар кезінде уақытпен санасуға тура келеді.

— Саммиттер мен маңызды кездесулер өтіп жатқанда, материалды оқиға өрбіп жатқан жерде отырып монтаждайтын кездер болады. Оны бірнеше минуттың ішінде дайындап, белгіленген уақытта эфирге немесе таспаға өткізу керек, — дейді маман.

Қуаныш Әбілмажинов: Монтажер болу үшін әр кадрдың мазмұнын түсіну керек
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бір минуттық сюжет үшін қанша сағаттық материал қаралатыны да тақырыпқа байланысты. Кейде жарты сағаттық түсірілім жеткілікті болса, кейде бірнеше сағаттық, тіпті бірнеше күн бойы жиналған материалды қарап шығуға тура келеді.

Мұндайда монтажер үшін кадрларды қысқарта салу жеткіліксіз. Ең бастысы — оқиғаның мағынасын жоғалтпау.

Қуаныш Әбілмажинов бастапқыда монтажды әдемі кадрлар мен әсерлі ауысулардан тұратын жұмыс деп ойлағанын айтады. Алайда тәжірибе жинақтаған сайын кадрдың әдемілігінен бұрын оның оқиғаға қаншалықты қажет екеніне мән бере бастаған.

— Кейде әдемі кадр сюжетке мүлде қажет болмауы мүмкін. Монтажер ретінде ең үлкен сабақтарымның бірі — өзіңе ұнаған кадрды емес, оқиғаға қажет кадрды таңдай білу, — дейді ол.

Көрінбейтін еңбек

Көрермен дайын сюжетті көргенімен, оның қалай жасалғанын біле бермейді. Бір сөйлемге сәйкес кадр табу, дыбысты сәйкестендіру, ақпараттың ретін өзгерту — мұның бәріне уақыт қажет. Монтажердің жұмысы көбіне экраннан көрінбейді. Бірақ ол көрерменнің оқиғаны қалай қабылдайтынына тікелей әсер етеді.

Invisible editing (ең жақсы монтаж көрінбейді) деген пікірмен Қуаныш Әбілмажинов та келіседі. Оның ойынша, көрермен кадрлардың қалай жалғанғанына емес, оқиғаның өзіне назар аударса, монтаж өз міндетін орындағаны. Дегенмен музыкалық клипте немесе жарнамада монтаждың көзге түсіп, ерекше стиль қалыптастыруы да орынды. Сондықтан әр материалдың мақсатын түсіну маңызды. Журналист белгілі бір кадрды қысқартуды сұраса, монтажер алдымен оның себебін анықтауға тырысады. Егер сол кадр оқиға үшін маңызды болса, өз пікірін айтып, басқа нұсқа ұсынады.

— Ең алдымен, не себепті қиғысы келетінін сұраймын. Егер сол кадр сюжет үшін маңызды деп есептесем, оның неге қажет екенін түсіндіремін және балама нұсқасын ұсынамын, — дейді ол.

Мұнда монтажердің міндеті тек техникалық тапсырманы орындау емес, материалдың мазмұны мен тұтастығын сақтауға да атсалысу.

Қателік те сабақ болады

Телевизиядағы жұмыс үнемі асығыстық пен жауапкершілікті талап етеді. Кейде дыбыс деңгейін байқамай қалу, кадрдың ұзақтығын дұрыс таңдамау немесе титрді қайта тексермеу сияқты қателіктер болуы мүмкін.

Қуаныш Әбілмажиновтың айтуынша, ең маңыздысы — қатені мойындап, түзету және оның қайталанбауына көңіл бөлу. Сондықтан дайын материалды эфирге жібермес бұрын бірнеше рет қарап шығуға тырысады.

Ұзақ уақыт монтаж үстелінде отыру да бұл мамандықтың бір қиындығы. Әсіресе күрделі жоба немесе маңызды эфир алдында әр детальді тексеруге тура келеді. Дегенмен бірнеше сағат бойы жұмыс істеген материалдың біртұтас дүние болып шыққанын көру шаршауды ұмыттырады.

Ал бос уақытында ол экраннан алыстап, серуендеуге, таза ауада демалуға тырысады. Кейде музыка тыңдап, кино көреді. Бірақ монтажердің кәсіби әдеті мұнда да байқалады. Мәселен, фильм көргенде назар кадрлардың қалай құрылғанына бұрылып кете береді.

Қуаныш Әбілмажинов: Монтажер болу үшін әр кадрдың мазмұнын түсіну керек
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Жасанды интеллект монтажерді алмастыра ма

Қазір жасанды интеллект көптеген салаға еніп жатыр. Монтаж өнері де бұдан тыс қалмайды. Қуаныш Әбілмажиновтың пікірінше, алдағы уақытта бұл технология материалды іріктеу, дыбысты тазалау, субтитр жасау сияқты жұмыстарды жеңілдетеді.

Алайда ол жасанды интеллект монтажерді толық алмастыра алады деп ойламайды.

— Қазірдің өзінде жасанды интеллект автоматты түрде субтитр жасайды, дыбысты тазартады, ұзақ материалдан қажетті фрагменттерді табуға көмектеседі. Бірақ нақты оқиғаның мағынасын түсіну, этикалық шешім қабылдау және материалдың көркемдік бағытын анықтау үшін адамның тәжірибесі мен көзқарасы қажет, — дейді маман.

Сондықтан ол болашақта жаңа технологияларды меңгеріп, оларды жұмыста тиімді пайдалана білудің маңызы арта түседі деп санайды.

Жас монтажерлерге де айтары бар. Оның пікірінше, монтаж бағдарламасын меңгерумен ғана шектелуге болмайды. Киноны, журналистиканы, музыканы және адам психологиясын түсіну де маңызды.

— Көп фильм көріңіз, өз жұмысыңызды талдаңыз, тәжірибелі мамандардың жұмысын зерттеңіз. Ең бастысы — әр кадрдың не үшін тұрғанын түсініңіз. Техниканы үйренуге болады, ал оқиғаны сезіну қабілеті тәжірибемен қалыптасады, — дейді ол.

Қуаныш Әбілмажинов үшін монтажер болу кадрларды бір-біріне жалғау ғана емес. Бұл оқиғаны түсініп, оның негізгі ойын көрерменге дұрыс жеткізу. Көрермен экраннан дайын дүниені көргенімен, сол нәтижеге жету үшін атқарылған еңбекті әрдайым байқай бермейді. Ал монтажер үшін жұмыстың ең үлкен нәтижесі оқиғаның көрерменге әсер етіп, оны ойланта алуы.

Еске салайық, бұған дейін Jibek Joly/Silk Way телеарналарының эфирді қамтамасыз ету қызметінің басшысы Дина Аймағамбетова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мамандығының ерекшелігі, эфир алдындағы жауапкершілік, командалық жұмыс және бала күнгі арманының өмірлік ісіне айналғаны туралы әңгімелеп берген еді.