Қуаныш Бишімов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС («АМӨЗ»ЖШС) қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен зауыттың Бас директоры (Басқарма төрағасы) қызметіне Қуаныш Бишімов тағайындалды.

Жаңа бас директорды кәсіпорын ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Аппарат басшысы Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы таныстырды. Қ.Бишімов әр жылдары кеден органдарында, ҚР Экономика және сауда министрлігінде, ҚР Индустрия және сауда министрлігінде, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв»РМК-да жұмыс істеді.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ Бас директоры, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
Компания мәліметінше, бұл тағайындауға дейін «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры болды.
ҚМГ басшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа бас директорының алдына операциялық тиімділікті арттыру, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігі деңгейін арттыру, экологиялық жобаларды одан әрі іске асыру, 2025 жылы жоспарлы алдын алу жұмыстарын сапалы жүргізу және қызметкерлерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау жөнінде нақты міндеттер қойды.
Зауыттың тұрақты және үздіксіз жұмысының маңызы атап өтілді.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешіміне сәйкес «АМӨЗ» ЖШС бұрынғы бас директоры (Басқарма төрағасы) Ғалымжан Жусанбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын былтырғы қаңтарда Ғалымжан Жусанбаев Атырау мұнай зауытының бас директоры болған еді.
Алайда, бір айдан соң бас директор мен бас инженер арасында дау туындады. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК тарапынан құрылған арнайы комиссия Атырау мұнай өңдеу зауытына тексеру жүргізді.
Тексеруден соң Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры мен бас инженері қызметінен босатылды.
Ал сәуірдің басында Абзал Досжанов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалған еді.
Бірақ зауыттың экс-бас директоры Ғалымжан Жусанбаев құқығын қорғау үшін сотқа жүгінді. Маусым айында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың құқығы қорғалды.
- Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Ж.-ның қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысының хаттамасын, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың жарамсыз деп тану, бас директор лауазымын қалпына келтіру, мәжбүрлі жұмыстан шығу уақыты үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты талабын қарады. Талап қою еңбек шартының сынақ мерзімінде және қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде бұзылуымен негізделді. Сотпен еңбек шартының талаптары бойынша талапкерге 6 ай сынақ мерзімі белгіленгені, алайда шарт 1 ай өткеннен кейін бұзылғаны анықталды. Осы құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасы қолданылады, - деп хабарлады соттан.
Шілдеде Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмыстан қуылған бас директоры орнына қайта отырды.
Айта кетейік, ҚазМұнайГаз Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін жекешелендіру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.