«Қуаныш» командасы — волейболдан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты аяқталды.

 волейбол
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Бүгін соңғы ойында «Қуаныш» (СҚО) пен «Жетісу» (Талдықорған) командалары қола жүлдені сарапқа салды.

Осыған дейін қос клуб үшінші орын үшін бәсекеде бір жеңістен қол жеткізіп, таразы басы тең тұрған-ды — 1:1.

Бұл жолы «Қуаныштың» бас бапкері Азамат Есімов бастапқы құрамда ресейлік Анастасия Бавыкина, словениялық байланыстырушы Ева Павлович Мори, украиналық Юлия Дымар, сондай-ақ қазақстандықтар Маргарита Бельченко, Наталья Смирнова, Полина Уфимцева және либеро Сәбира Бекішеваға сенім артты.

Талдықорғандықтарды жаттықтыратын сербиялық маман Марко Гршич байланыстырушы Анна Тарасова, Карина Денисова, Ирина Кенжебаева, Татьяна Алдошина,

Валерия Чумак, Ольга Хаджиогло және либеро Мария Сырыгинаны шығарды.

Бірінші партия бел ортадан аса бере «Қуаныш» алға шығып, сол басымдылықты берген жоқ — 25:22.

Екіншісінде керісінше «Жетісу» 9:6 есебімен алға кеткенімен, солтүстікқазақстандықтар теңестіре білді.

М.Гршич ойыншыларды алмастырып, байланыстырушы Әлия Баткулдина, Перизат Нұрбергенова, Татьяна Никитинаны қосып көрді. Бірақ «Қуаныш» күш бермеді — 25:18.

Үшінші сетте «Жетісу» едәуір ұпай айырмашылығымен алға кеткен кезде А.Есімов байланыстырушы Ботагөз Есімханды, қысқа мерзімге шабуылшы Екатерина Селезневаны шығарды.

Талдықорғандықтар сапында П.Нұрбергенова да сәтті ойнады. Бұл партия Гршич шәкірттерінің еншісіне жазылды — 25:21.

Соңғы сетте «Қуаныш» қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырған жоқ — 25:14. Қорытынды есеп — 3:1.

Осылайша, өткен жылы күміс жүлдегер атанған «Қуаныш» биыл бір саты төмендеп, үздік үштікті түйіндеді. Ал 2023 жылы Өскеменнің «Алтайымен» бірге алтын алған М.Гршич биыл мүлдем жүлдесіз қалды. 

Енді 24 наурызда Павлодарда ерлердің ұлттық лига командалары арасында плей-офф бәсекелері басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тұранның» өз тарихында тұңғыш рет волейболдан ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар