Қуаңшылыққа қарамастан астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болады – АШМ
АСТАНА. KAZINFORM – 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.
- Қазіргі уақытта республиканың барлық өңірінде егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Ағымдағы маусымда вегетациялық кезеңдегі ауа райы жағдайлары әркелкі қалыптасты. Республиканың жекелеген солтүстік және орталық өңірлерінде жауын-шашын мөлшері жеткіліксіз болды. Бұл дәнді дақылдар өнімінің қалыптасуына қосымша тәуекелдер туындатты. Алдыңғы жылдары осындай ауа райы жағдайында өнімділік 8-9 центнерден аспайтын еді. Алайда, Үкімет тарапынан қабылданған шаралардың, оның ішінде жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті агротехникалық іс-шараларды уақтылы әрі сапалы жүргізе алды, - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, салада егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, бидай алқаптарын қысқарту, майлы және басқа да жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайтумен қатар жүргізілді.
- Осылайша, 2024 жылдан бастап майлы дақылдардың егіс алқабы 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектарды құрады. Сонымен қатар, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері алқабы екі жыл ішінде 120 мың гектарға ұлғайды, - деді Азат Сұлтанов.
Вице-министрдің айтуынша, жүргізілген әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде егіс алқаптарының құрылымы өзгерді. Атап айтқанда, дәнді дақылдардың егіс құрылымындағы үлесі 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді, ал майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға дейін өсті.
- Егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның 15,6 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі. Егін жинау жұмыстары уақытылы басталды және қарқыны өткен жылдан жоғары. Бүгінгі таңда 13,5 млн гектар дәнді дақыл немесе 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Жалпы, дәнді дақылдардың жалпы түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанып отыр. Күтілетін астық көлемі азық-түлік, мал азығы және тұқымға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Айта кетейік, отырыста күзгі жиын-терім барысы қаралып жатыр.