Қуаңшылық болған Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының қазіргі жағдайы қандай

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының қазіргі ахуалын, қысқа дайындығын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі күні елімізде алдағы қыстауға 25 млн тонна шөп қажеттілігі бар, іс жүзінде 14,6 млн тонна немесе 59% дайындалды. Жоспарланған 1,4 млн тонна пішендеменің 57% дайындалды. Сабан, сүрлем және жемнің негізгі дайындау мезгілі қыркүйек айынан басталатынын айта кету керек

, - деп жазылған министрліктің ресми жауабында.

Қызылорда облысы бойынша бүгінде шөп бойынша жоспардың 55% дайындалды, бұл жалпы жыл сайынғы қарқынға сәйкес келеді. Онда малдың негізгі түрлерінің көбеюі байқалады. Мәселен, жартыжылдық қорытындысы бойынша ірі қара мал басы өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,1%, қой – 2,4%, ешкі – 1,6%, жылқы – 7,6%, түйе – 3,4% артқан.

Ал Маңғыстау облысында шөп дайындау қарқыны баяу жүріп жатқаны байқалады (жоспардың 16% ғана). Өңірдің табиғи-климаттық жағдайлары тұтастай алғанда тиімді мал шаруашылығын жүргізуге қолайсыз. Содан тек құрғақ жағдайларға бейімделген малдың өсімі байқалады. Мәселен жылқы саны 2,9%, түйелер 4,2% артқан.

Министрлік тарапынан жем-шөпті сәтті дайындау үшін бірқатар шара қабылданды. Мәселен, мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде өңірлерде жем-шөп дайындауды субсидиялауға 11,7 млрд теңге көзделген, оның ішінде Қызылорда облысы бойынша – 375,8 млн теңге, Маңғыстау облысы бойынша 727,7 млн теңге қарастырылған. Бұл 2021 жылы бөлінген субсидиялар көлемінен 7 есе көп. «ҚазАгроҚаржы» АҚ жарғылық капиталын 20 млрд теңге сомасына ұлғайтуға, жем-шөп дайындау техникасы мен суарудың ұтқыр жүйелерін қаржыландыру үшін бюджеттік инвестициялар бөлінді

, - дейді министрлік.

Қолайсыз табиғи факторлардан зардап шеккен фермерлік шаруашылықтардың кредиттік міндеттемелерін кейінге қалдыру мәселесі пысықталуда.

Биыл алғаш рет 58 мың тонна көлемінде мал азығын дайындауға жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінді.

Сонымен қатар Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна жем-шөп қорын жинады және бұл көлем қажет болған жағдайда арзан бағамен мал шаруашылығын қолдауға жіберіледі.

Өз кезегінде министрлік жүйелі шара ретінде Мал азығы өндірісін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыруда. Оның ішінде мал азығы дақылдарының жалпы жиынын ұлғайту, олардың тұқым шаруашылығы жүйесін ғылыми негізде дамыту, мал азығын өндіру жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлу шаралары қарастырылған. Осылайша инновациялық жобаларды қаржыландыру (019) бюджеттік бағдарламасы бойынша Маңғыстауда 2 жоба жүзеге асырылуда. Олар: «Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы жайылымындағы су қорын ескере отырып, геоақпараттық жүйе технологиясы арқылы тұрақты басқару» және «Маңғыстаудың шөлейт аймағының суармалы жағдайында жем-шөп дақылдарын өсірудің ғылыми практикалық тәсілдері». Жоба толық іске асқан жағдайда – жаңа әдістерді қолданып, мал азығы болатын көпжылдық екпелі шөптер өсіріледі

, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.


Соңғы жаңалықтар