Қуаңшылықтан келген залалды тіркеу шенеуніктердің көңіл күйіне байланысты болып отыр – депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты, Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров Қуаңшылықтан зардап шеккен облыстарда ТЖ режимін жариялауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы егіс пен суару кезеңі Павлодар, Ақмола және басқа да облыстардың диқандарына қиын тиді. Жауын-шашын мөлшері норманың 3-9 пайызын ғана берді. Павлодар облысының Шарбақты және Ақтоғай аудандарында жаңбыр жауған жоқ. Мамырдан тамызға дейін жаңбырсыз, аптап ыстық ауа райы болды. Біз бұл мәселені облыс әкімі мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде айттық. 8 қыркүйекте көптеген фермерлердің өтініштерінен соң қайтадан Павлодарға бардық. Алқаптарда облыстағы жағдайдың күрделенгеніне жатқанына көз жеткіздік», - деді А. Қожаназаров Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, кей шаруашылықтарда егістіктен 0,3-1 ц/га астық жиналуда. Мұндай егінді жинағаннан гөрі тастап кеткен оңайырақ. Оған қоса, несиелер бойынша міндеттемелерді ешкім жойған жоқ.

«Қаражат тапшылығы келесі егінге дайындықтың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне әкеп соғады Несие бойынша төлем үзілістері, қарыздарды қайта қаржыландыру диқандардың несие тарихын бұзады, нәтижесінде несиеге қолжетімділік одан әрі қысқарады. Фермерлерге ұсынылған қолдау шаралары жұмыс істеп жатқан жоқ: несиелерді 3-9 айға кейінге қалдыру ең жақсы жағдайда мамыр айында, егін егу науқанында аяқталады. Несиені кейінге қалдырудың өзі қиын процесс: алқаптың құрғақшылықтан зардап шеккенін құжат жүзінде дәлелдеп, ондаған бюрократиялық кедергілерден өту қажет», - деді ол.

Бұл жағдайда Respublica фракциясы қуаңшылықтан зардап шеккен облыстарда ТЖ режимін жариялауды ұсынды.

«Айқын нәрсені жасыруды тоқтатайық: облыс әкімдері климаттық өзгерістерге әсер ете алмайды, жаңбырдың жаумағанына жауап бермейді, демек, құрғақшылық әкімнің сәтсіздігі ретінде есептелмеуі керек. Бірақ залал фактілерін жасыру, бизнес пен халыққа көмектесуден бас тарту – атқарушы биліктің тікелей жауапкершілігі. ТЖ режимін жариялау алгоритмін реттеу керек. Төтенше жағдай – несие берушілер үшін бір жылдан астам мерзімге кейінге қалдырудың жалғыз заңды мүмкіндігі болып отыр. Алайда әкімдіктер бірнеше ай бойы ТЖ қалай жариялау керектігін анықтап, бір орыннан қозғалмай, уақытын жоғалтуда. Үкіметтен әкімдіктер мен халыққа төтенше жағдай режимі қалай, кім және қандай жағдайда жарияланатынын бекітуді, түсіндіруді және жеткізуді сұраймыз. Бұл ақпаратты ҚР азаматтарының заңды құқығы деп санаймын», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Сондай-ақ, Үкімет шығындарды белгілеу тетігін, оның ішінде ғарыш мониторингі құралдарын пайдалана отырып айқындау қажет.

«Себебі қазір фермерге келген залалды тіркеу аудан әкімдіктері қызметкерлерінің көңіл күйіне байланысты болып отыр. Фермерлерге тиесілі субсидияны жедел тәртіппен төлеу керек. Мысалы, Павлодар облысында субсидия бойынша қарыз 7,3 млрд теңгеге жеткен. Шаруаларға да өз өнімін жақсы бағамен сатуға мүмкіндік беру керек. Ол үшін шектеу шараларынан, соның ішінде күнбағыс экспортына баж салығынан бас тартуды ұсынамыз», - деді партия өкілі.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өңірлерде ТЖ жариялау ұсынысына пікір білдірді.

«Біз бұл мәселемен күнделікті жұмыс істеп жатырмыз. Өңірлік ТЖ бар, аудандық ауқымдағы, облыстық және республикалық ауқымдағы ТЖ бар. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар шешімді жариялайды немесе жарияламауы да мүмкін», - деді ол Мәжіліс куларында.

Соңғы жаңалықтар