Қуаныш Сұлтанов Елбасының Жолдауын чех Президентіне табыс етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысының арнайы уәкілі ретінде Чех Республикасына барды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Қуаныш Сұлтанов Елбасының Жолдауын чех Президентіне табыс етті

Қуаныш Сұлтанов Прага қаласында ЧР Президенті Милош Земанмен және ЧР Парламенті депутаттар Палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филиппен (Vojtěch Filip) кездесті.

Қ. Сұлтанов М. Земанға Қазақстанның кандидатурасын 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету жөніндегі Елбасының жолдауын тапсырды. Сонымен қатар, арнайы уәкіл аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, оның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласына қосқан Қазақстанның үлесін, көпжақты дипломатия саласындағы еліміздің белсенді қызметінен хабардар етті. Кездесуде 2014 ж. қарашада Чех Республикасының президенті М. Земанның Қазақстанға жасаған ресми сапары қорытындылары бойынша берілген тапсырмалардың жүзеге асыру барысы талқыланды. ЧР Парламенті депутаттар Палатасы төрағасының орынбасарымен сұхбат барысында тараптар қазақстан-чех парламентаралық қатынастардың тұрақтылығын атап өтті. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму Комитеті мүшелерінің Чех Республикасына сапарының дайындығы талқыланды.