14:04, 02 Маусым 2009 | GMT +5
«Қуат» компаниясының Алматыдағы проблемалы тұрғын үй нысандарының құрылысы толығымен аяқталатын болады
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында «Қуат» компаниясының Алматыдағы құрылысы аяқталмаған проблемалы тұрғын үй нысандарын салып бітіру үшін «Қазкоммерцбанкті» қаржыландыру тетігі бекітілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Үкіметтің тапсырмасы бойынша, «Қуат» компаниясының Алматы қаласындағы аяқталмаған құрылыс жобаларының бірі қаралды. Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілігімен екі кезеңнен тұратын жұмыс жасалды. Бірінші кезеңде, құқық қорғау және сот органдарымен «Қуат» компаниясының тыйым салынған кепілдегі нысандары мен мүліктерін босату жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс екінші кезеңге өтуге мүмкіндік берді. Оның мәні мынада: «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазкоммерцбанк», «Қуат» компаниясы және Алматы әкімдігі арасында мамырдың 21-де «Қуат» компаниясының «Сайран» және «Үштөбе» тұрғын үй кешендерін аяқтау жөніндегі күш-жігерді біріктіруге бағытталған меморандумға қол қойылды. Бұлар - ең үлкен тұрғын үй кешендері. Оларда 2,5 мың үлескер бар», - деді отырыста «Самұрық-Қазына» қорының Атқарушы директоры Қайрат Әйтекенов. Оның айтуынша, қол қойылған меморандум аясында «Қуат» компаниясының бос мүліктері «Қазкоммерцбанк» құрған жобалық компанияға берілетін болады. Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» қоры аталмыш жобалық компанияны қаржыландыру үшін «Қазкоммерцбанкті» қорландыруға міндетті. «Алдын ала есептер бойынша, «Қуаттың» Алматыдағы нысандарының құрылысын аяқтау үшін 35 млрд.теңге керек. «Самұрық-Қазына» Қоры Қазкоммерцбанкте несие жүйесін ашу арқылы жобалық компанияны қаржыландырады. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» Қоры «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын Мүлік Қоры» арқылы шаршы метрлердің алаңдарын ? бір шаршы метрді 1700 долларға сатып алады», - деді ол. Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өте жақсы жұмыс жасалғанын, бұл шешімді қолдау қажеттігін айтып, оны бүгінгі хаттамаға жазып қоюды тапсырды. «Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп үлескерлердің мәселесін түгелдей шешу үшін барлығын жасады. Енді қабылданған шешімдерді орындау қажет», деді Премьер-Министр.