«Қуат» үлескерлерінің мәселесі шешімін табады - Елбасы

sp;АСТАНА. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Қуат» үлескерлерінің мәселесі шешімін табады.

«Қуат» үлескерлерінің мәселесі шешімін табады -  Елбасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей желі барысында «Қуат» компаниясы үлескерлерінің тарапынан сауал түсіп, жалпы проблемалық құрылыс объектілерінің мәселесі кеңінен қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпрарат.

«Үкіметтің  халыққа өз қаражатынан бөліп, ұрлықшылардың жымқырған ақшасын өтеуі   бұрын-соңды ешбір мемлекетте болмаған оқиға. Олар  келісімге мемлекетсіз отырды,  алаяқ және ұрлықшы болып шыққан мердігерлерді  өздері мемлекеттің қатысуынсыз тапты. Енді мемлекет олардың  жағдайы  қиындаған  кезінде ақша бөліп отыр. Өз елдеріңізге, өз мемлекеттеріңізге ризашылықпен қараңыздар! Мемлекет қорындағы қаражатты бөлгізген маған риза болыңыздар!», деген Елбасы  жалпы үлескерлердің мәселесі  жіті назарында екенін жеткізді. Бүгінгіге дейін 33 мың үлескер өз пәтерлерін алды. Жылдың соңына дейін тағы 15 мың адам баспаналы болады. Яғни  бәрі  48 мың үлескер. Қалған объектілер келесі жылдан қалмай салынып бітуі тиіс. «Мемлекет үлескерлерді алдаған алаяқтардың ісін өз қолына алып, мәселені аяғына дейін жеткізеді. Мен бұл мәселені Үкіметке тапсырамын», деді Н. Назарбаев.

Осы мәселеге түсінік берген ҚР Премьер-министрінің  орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, бағасы өзіндік құнынан төмен болған «Қуат» компаниясының құрылысындағы объектілер экономикалық теріс жағдайға түсіп қалды. Атап айтқанда, пәтерлердің 95 пайызы алдын ала сатылды. Бірақ оның салынуына қажетті 60-70 пайыз ақша жетіспей жатты.

«Қазанның 5-інде өткен комиссия отырысында осы мәселе қаралып, онда барлық тараптардың шығынды теңдей көретіндігі келісілген. «Қуат» компаниясы салып бітпеген тұрғын үйлердің барлық активтерін, жер учаскелерін, тұрғын үйлерін арнайы құрылған «Глобал Котракт» компаниясына ұсынады. «ҚазКоммерцбанк» 100 млн. шығын көреді. Алматы Әкімдігі тұрғын үйге коммуникация тартуды өз мойнына алды. Ал Үкімет банкке құрылыстың аяқталуына қажетті қаражатты орналастырады», деді Ө. Шөкеев.

Оның сөзінен мәлім болғаны «Қуат» компаниясының үлескерлері 2010 жылдың қыркүйек айында бір тұрғын үй кешенінінің кілттеріне ие болады. Ал 2011 жылдың қаңтар айына дейін 20, 46 және 29 орамдары тапсырылуы тиіс.

Ал жалпы үлескерлердің мәселесін шешу ісіне Ұлттық қор есебінен және мемлекеттік бюджеттен 550 млрд. теңге бөлінді. Құрылыстарды аяқтаудың 9 түрлі қаржылық схемаларын жасалды.