Қуат үнемдейтін озық технологиялар мен бағдарламалардың екінші республикалық байқауы ашылды
АЛМАТЫ. Қазанныңң 1-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін ҚР Инженер-энергетиктер одағы мен «Шеврон» компаниясы оқушылар, студенттер, жас мамандар, аспиранттар мен ғалымдар арасындағы қуат үнемдейтін озық технологиялар мен бағдарламалардың екінші республикалық байқауының ашылғаны жайында жариялап, баспасөз мәслихатын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл байқаудың мақсаты - Қазақстандағы өзекті мәселелерінің бірі - қуат үнемдеу бағдарламалары арқылы қуат тапшылығын азайту бағытында жаңа ойларды ұсынуға қабілеті бар дарынды жастарды тарту. Сонымен қатар, біздің компания әлемдегі қуат көздерінің ірі өндірушілерінің бірі ретінде қуат үнемдеу мәселесін өзекті деп біледі. Сондықтан да біз қуат үнемдеуді, жаңғырмалы қуат көздері жайлы білім таратуды және осы байқау секілді бағдарламалар арқылы қуат үнемдеу технологияларын қолдаймыз», дейді басқосуды ұйымдастырушылар.
«Бірінші байқауға 23 студент пен жас ғалымдар қатысқан еді. Онда күн қуатын шаруашылықта пайдалану, ғимарат энергоаудитін жүргізу, жылыту жүйелерінде қуат үнемдеу мақсатында сорғыларды пайдалану, жаңа электр генераторларды жасап шығару секілді жобалар сайыс жүлдегерлері атанған болатын.
Осы жолғы байқау оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жас ғалымдар арасында төрт аталым бойынша өткізілмек. Қазылар алқасының құрамына электр энергетикасы, жылу энергетикасы секілді салаларда еңбек етіп келе жатқан академиктер, ғалымдар мен білікті мамандар кіреді», дейді «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Замира Қанапиянова.
«Жас мамандар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуы болашақ инженерлерге жаңаша ойлап, болашақтың энергетикасына жаңа шешімдер табуына мүмкіндік береді», дейді ҚР Инженер-энергетиктер одағының президенті Герман Трофимов,