Қуат Жақанов: Отан қорғау – бөріктінің борышы

қуат жақанов
Фото жеке мұрағатынан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жергілікті әскери басқару органдарында ер-азаматтарды әскерге шақыру жұмыстарын үйлестіру ісінің басы-қасында жүретін қызметкерлердің жұмысы көпшіліктің көзінен сырт қалып жататыны рас. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті қызметтік істі ұйымдастыру және әскерлер бөлімінің бастығы, подполковник Қуат Жақановпен әңгімелесудің сәті түсті.

Қуат Тілеуқабылұлының әскери саладағы еңбек өтілі 23 жылдан асады.

Қорғаныс саласының «отымен кіріп, күлімен шығып», Отан қорғау ісінің барлық ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген мықты маман. 

Ақтоғай ауданының Жаңабет ауылынан түлеп ұшқан азамат отбасындағы 10 баланың кенжесі, үйдің еркетотайы болғанына қарамастан, мектеп бітіре сала әскери өмірді таңдапты.

— 90-шы жылдары әскер көріп келгендер батыр сияқты көрінуші еді. Ол кезде кеңестік жүйе әлі де болса сақталған әрі әскерде болу уақыты 2 жыл болатын. Әрбіріміз әскерден оралған ағаларымыздың әскери киімдерін, бас киімдерін жарыса, таласа киіп, мәз-мейрам болатынымыз да есімізде. Ал олардың әскерде бастан өткерген қызықты оқиғаларын естігенде аузымыздан су ағып, «біз де тезірек әскерге барсақ» деп армандаушы едік. Осы арман қанат бітірген болар, мектеп бітірген соң бірден Алматыдағы құрлық әскерлері институтына барып, оқуға түстім. Әскерге барып келген соң, қорғаныс саласындағы жұмысым кейін еліміздің көптеген облыстарында жалғасты. Қазіргі Ақсу қаласында, өзімнің туған мекенім — Ақтоғай ауданында, Баянауыл ауданында қызмет атқардым. Кейінірек Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары лауазымдарын абыроймен атқардым. Қазіргі уақытта туған өлкеме оралып, осы салада қызметімді жемісті жалғастырып жатырмын, -деп әңгімеледі ол.

Қ.Жақанов басқаратын бөлім департаменттегі қызметкерлердің күнделікті жұмысын, кезекшілік тәртібін және әскерилердің атыс қаруын меңгерудегі машықтарын үнемі жетілдіріп отыруға негізделген.

Бөлімнің ұйымдастыруымен мамандар уақыт сайын әскери жиындар өткізіп, атыс алаңына барады.

Ол жерде АК-74 автоматы мен Макаров тапаншасынан оқ атып, жауынгерлік дағдыларын пысықтап отырады.

Офицерлер мен сержанттар құрамы, қатардағы қызметкерлер бақылау нормативтерін тапсырып, теориялық және практикалық білімдерін дәлелдеуі керек.

Олардың дене дайындығы да үнемі бақылауда.

Мұның сыртында әскери экипировкаларының үнемі дайын тұруы, саптық дайындықтар, әскери тактика мен топографиялық сабақтар, тағысын-тағы әскери машықтардың үнемі жетіліп, жаңартылып отыруы аса маңызды.

Осындай сабақтар мен әскери сын-емтихан нәтижесінде қорғаныс саласы қызметкерлерінің қызметтік дәрежесі бағаланады.

— Отанымыз — Қазақстан жер жағдайы бойынша әлемде 9-орында тұр. Ата-бабаларымыз аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтап, тәуелсіздігімізді баянды ету — ер азаматтардың қасиетті борышы. Бұл әр бөріктінің қасиетті парызы да. Отан қорғаушылар күнінде өз әріптестерім мен сала ардагерлерін айбынды мерекемен құттықтап, Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар дегім келеді. Көк байрағымыз мәңгілік болсын! , -деп тілек тілейді Қуат Жақанов.

Соңғы жаңалықтар