«Қуатты көп тұтына бастадық» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 сәуір, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымында «Сауаттылықты арттыратын желі» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде халықтың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға бағдарланған 1ссс.kz мамандандырылған әлеуметтік желі таныстырылды. Түрлі сала қызметкерлерінің қаржыға қатысты жұмысын жеңілдететін кеңесші желі расында да тиімді көрінеді. Желіні бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дүйім елге таныстыру шарасына «Қаржы академиясы» АҚ ректоры Ольга Яновская, Аудиторлар палатасының президенті Сапар Көшкімбаев, Қаржы министрлігінің консультативтік органының мүшесі Дмитрий Шютц пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің мүшесі Гүлнар Қуанғанова қатысып, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға жасалып отырған амалдың артықшылықтары жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ олар бұл желі Елбасы Н.Назарбаевтың түрлі мәселелер жөніндегі ақпаратты халыққа жеткізу және түсіндіру қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында құрылғанын жеткізді. Негізінен әлеуметтік желі қаржы секторының мамандарына, бизнесмендерге, салық төлеушілерге және барлық мүдделі тұлғаларға онлайн режімде қаржы саласының ауқымды мәселелері бойынша ресми түсініктеме алуға мүмкіндік береді.
Бас басылымда «Еске алу эстафетасы - елордада» атты мақала берілген. Кеше Қазақстан Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Еске алу эстафетасы» халықаралық акциясына қатысты. Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенконың патронаттығымен өтіп жатқан ТМД ПАА халықаралық акциясы 11 наурызда Минск қаласында басталған. Одан әрі Бакуде жалғасып, Кишинев, Ереван, Бішкекте, Душанбеде, Мәскеуде салтанатты түрде алау отын жақты. Сол тарихи, дәстүрлі эстафета Қазақстанның елордасына да келіп жетті. Астанадағы «Еске алу эстафетасы» ТМД-ға қатысушы мемлекеттер парламентшілері «Отан қорғаушы» монументіне гүл шоқтарын қою салтанатынан басталды. Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов пен Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко ТМД ПАА делегациясының, Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлері мен Астана қаласының әскери-патриоттық жұмыстармен айналысатын жастар ұйымдары мүшелерінің алдында сөз сөйледі.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда халықты көп алаңдататын мәселелердің қатарына электр қуатына қатысты мәселелер кіреді екен. Осыған орай кеше сенаторлар Энергетика министрлігі мен КЕГОК компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Жиында энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамыту және еліміздің «Электр энергетикасы туралы» заңын іске асыру мәселелері қаралғандығын айта кеткен жөн. Кездесуді ашқан Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттары «Нұрлы жол» - болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленгенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстанды үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту үшін энергетикалық инфрақұрылымдарды қалыптастыру айрықша маңызды.
- Бөлшек және көтерме сауда нарығындағы электр қуатының жұмысына қазіргі жағдайдың әсері, энергетика саласындағы заңнаманы жетілдіру, энергиялық тиімділікті арттыру және қуат үнемдеу мәселелері парламентшілердің басты назарында болады, - деді ол. - Парламент депутаттарының аймақтарда халықпен жүздесулеріне талдау жүргізілді. Сонда электрмен қамтамасыз ету және электр энергиясын үзіліссіз жеткізуге, сондай-ақ энергетиктер мен мемлекеттік органдар тарапынан баға белгілеу және тарифтік реттеуге байланысты сайлаушыларымыздың жиі сауалдар қоятындығы анықталды. Сенат өз қызметінде осы мәселелерді құқықтық қамтамасыз етуге ерекше мән беретін болады. Бұл жайында « Қуатты көп тұтына бастадық» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Бұл жолдың жөні бөлек» атты мақала жарияланды. «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясаты аясында Алматы-1-Шу бағытындағы теміржол телімі екінші желісінің құрылысын жүргізу және электрлендіру басталды. Тоғыз жолдың торабына орналасқан Шу стансасынан 15 шақырым қашықтықтағы Кемер стансасынан бастау алған шараға шулық теміржолшылар қауымы көп жиналды. Өйткені бұл - көптен күткен қуаныш еді. Ел тәуелсіздігі жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ аса ірі жобаларды жүзеге асырып, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Оның қатарында жаңа заманауи талаптарға сай теміржол көліктерін әлемдік стандарттарға сай шығара бастады. Қазақстан Орталық Азияның хабына айналды.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Кірме сөздер сөздігін жасау - уақыт талабы» деген мақала басылды. Қазақ тіл білімінде жазба мұралар негізінде кірме сөздер сөздігін жасау ісі күні бүгінге дейін қолға алынбай келе жатыр. Әсіресе, орта ғасыр жазбаларындағы, одан бергі XVIII ғ. ресми іс қағаздары мен эпистолярлық үлгілердегі, XIX-XX ғасырлардағы мерзімді басылымдардағы, сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы ескі тілде қалам тартқан ақын-жазушылар шығармаларындағы кірме сөздер қорын жинастыру мәселесі - бүгінгі таңдағы тарихи сөздік қорымызды толықтырудың ең қажетті алғышарттарының бірі болып отыр.
«Себебі тіл тарихы бойынша жүргізілетін зерттеулер үшін жазба ескерткіштер тілінің қомақты пайызын құрайтын араб, парсы кірме сөздері халық тілінің даму тарихынан хабар беретін негізгі айғақтардың бірі ретінде танылады. Араб, парсы сөздері жалпы түркі тілдері лексикасында кірме қабаттың ең басым бөлігін құрайтыны мәлім. Себебі VII-VIII ғасырлардан бастап ислам дінінің түркі халықтарына таралуы, ең бірінші сол халықтар тіліне араб, парсы бірліктерінің енуіне үлкен жол ашқан болатын», деп жазады мақала авторы.