Куәйт әмірі ел Премьер-министрін қайта тағайындады

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Куәйт әмірі Сабах әл-Ахмед ас-Сабах өз туысы Насер әл-Мұхаммед ас-Сабахты Премьер-министр етіп қайта тағайындап, бұрынғы кабинет өкілеттігінің тоқтауына байланысты оған жаңа үкіметті жасақтау туралы тапсырма берді.

Куәйт әмірі     ел Премьер-министрін қайта тағайындады

Әмірдің осындай шешім қабылдайтынын жұртшылық алдын-ала болжаған болатын. Естеріңізге сала кетейік, билік жүргізуші ас-Сабах әулетінің мүшелері болып табылатын үш министрден Парламенттің «жауап алуына» жол бермес үшін, 31 наурызда үкімет толық құрамда отставкаға кеткен болатын. Үкіметті ауыстыру - Куәйттің саяси өмірінде жиі болып тұратын құбылыс және бұл үрдіс елдің ОПЕК аясындағы міндеттемесіне әдетте әсерін тигізе қоймайды.

Шейх Насер ас-Сабах үкіметті соңғы 5 жыл бойы басқарып келеді. Осы аралықта оның үкіметі отставкаға алты рет кетіп, ал өзі премьерлікке қайта тағайындалып келеді. Куәйт әмірі Парламент пен Үкіметтің арасындағы кикілжіңдерде үнемі үкіметті жақтайды, әсіресе , егер проблема әулет мүшелерінің біреуіне қатысты туындап жатса. Атап айтқанда, 2009 жылы 17 наурызда үкімет, ел премьерінің Парламент алдында жауап беруіне жол бермес үшін, кезекті отставкаға кеткен болатын.