Куәйтте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-куәйт бірлескен комиссиясының отырысы өтті
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат - Әл-Куәйтте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-куәйт бірлескен комиссиясының екінші отырысы өтті,
деп хабарлады Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен.
Комиссияның қазақстандық бөлігіне - Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова жетекшілік етсе, Куәйт тарабына - елдің қаржы министрінің орынбасары Халифа Мусаид Хамада басшылық етті.
Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстанның Сауд Арабстаны Корольдігіндегі Елшісі Қайрат Лама Шариф, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен ұйымдардың өкілдері кірді.
Комиссия отырысының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Н.Коржова ханым, қазақстан-куәйт қатынастарының біртіндеп дамып келе жатқанын атап көрсетті. Куәйт Мемлекетінің Қаржы министрінің орынбасары Халифа Мусаид Хамада мырза өз кезегінде, Қазақстанның қазіргі даму деңгейіне, республика Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық бағыттағы ірі ұлттық жобаларды жүзеге асырудағы күш-жігеріне жоғары баға берді.
Бірлескен комиссияның қорытындысы бойынша нақты келісімдерге қол жеткізіліп, ол келісімдер комиссияның екінші отырысының хаттамасына негіз болды.