Куба АҚШ-ты аралда гуманитарлық дағдарыс туғызуға әрекеттенді деп айыптады
АСТАНА. KAZINFORM — Кубаның Сыртқы істер министрі Бруно Родригес Паррилья БҰҰ Бас Ассамблеясы 81-сессиясының жалпы саяси пікірталасында АҚШ-тың Кубаға қысымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.
Оның айтуынша, 2026 жылдың қаңтарынан бастап Вашингтон шектеулерді одан әрі күшейтіп, аралға іс жүзінде «энергетикалық блокада» орнатқан және басқа елдерден отын жеткізуге кедергі келтіріп отыр.
Экономикалық соғыс халыққа бағытталған
Родригестің айтуынша, АҚШ-тың шаралары Кубаның сыртқы экономикалық байланыстарының іс жүзінде барлық саласына — азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуден бастап туризмге, инвестицияларға, қаржыландыру мен технологияларға қол жеткізуге дейін әсер етіп отыр.
Оның сөзінше, әртүрлі порттарда 7 мыңнан астам контейнер бұғаттаулы тұр. Олардың көпшілігінде азық-түлік, дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтар бар. Куба министрінің мәлімдеуінше, Вашингтон шетелдік компаниялар мен үкіметтерге де қысым көрсетіп, олардың Гаванамен сауда және ынтымақтастық байланыстарын шектеуге тырысып отыр.
— Экономикалық соғыс халыққа бағытталған, — деді Родригес.
Оның айтуынша, санкциялардың салдарын «жанама залал» деп қарауға болмайды: олар қажетті тауарлардың тапшылығына әкеліп, Куба отбасыларына қиындық туғызуда. Министр АҚШ-ты аралда гуманитарлық дағдарыс туғызып, экономикалық қысым арқылы биліктің ауысуына қол жеткізуге тырысты деп айыптады.
АҚШ мәлімдемесіне жауап
Куба СІМ басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың Бас Ассамблеядағы жуырдағы сөзінде Кубаны «сәтсіз мемлекет» деп атауына да жауап берді.
— Егер бұл рас болса, онда неге отын блокадасын енгізу керек? Неге екінші деңгейлі санкциялар салу керек? Неге планетадағы басқа мемлекеттердің барлығына қоқан-лоқы көрсетіп, қудалап, қысым жасау керек? — деп сұрады Родригес.
Ол сондай-ақ Кубаға қарсы әскери күш қолдану қаупі сақталып отырғанын айтып, мұндай қадам халықаралық құқықты бұзу болатынын ескертті.
— Бұл ешқашан болмайды деп үміттенейік. Куба өзін-өзі қорғауға қатысты заңды құқығын бар табандылығымен пайдаланатын болады, — деді министр.
БҰҰ-ны сақтау және нығайту қажет
Родригес сөзінің едәуір бөлігін халықаралық жүйенің қазіргі жағдайына арнады. Оның айтуынша, мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидаты және халықаралық құқықтың басқа да негіздері бүгінде тұрақты қысымға ұшырап отыр. Сонымен бірге министр Куба Біріккен Ұлттар Ұйымын әлсіретуді емес, керісінше нығайтуды қолдайтынын атап өтті.
— Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын сақтау және нығайту қажет екеніне сенімдіміз, — деді ол. Сондай-ақ БҰҰ-ның демократияшыл, тиімді әрі халыққа жақын ұйымға айналуы керектігін айтты.
Родригес Таяу Шығыстағы жағдайға да қатысты пікір білдіріп, Израильдің палестиналықтарға қатысты әрекеттерін айыптады. Сондай-ақ Иранға қарсы әскери іс-қимылдар мен Венесуэла төңірегіндегі жағдайды сөз етті. Оның айтуынша, болып жатқан оқиғалар халықаралық тәртіптегі кең ауқымды дағдарысты көрсетеді. Мұндай жағдайда БҰҰ Жарғысының қағидаттарының орнына күш пен экономикалық қысым барған сайын жиі қолданылып келеді.
Куба министрі 66 жыл бұрын Бас Ассамблея мінберінен Фидель Кастро айтқан, адамзат соғыс философиясы, отаршылдық пен халықтарды қанау жойылған кезде ғана «шынайы прогреске» қол жеткізе алады деген сөздерді еске салды.
Айта кетелік АҚШ Кубаға қарсы жаңа санкциялар енгізген еді.