Куба бәтеңке лақтырғыш ирак журналисіне әзілі үшін награда тағайындады
ГАВАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат - Кубада Графикалық юмордың халықаралық биенналесінің (көрме) құрметті сыйлығы АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушқа бәтеңке лақтырып, аты шыққан ирак журналисі Мунтадар әл-Заидиға тағайындалды.
Қазылар алқасының мүшелері Ирак журналисін бұл наградаға бірауыздан лайық деп танып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат НТВ телеарнасына сілтеме жасап. Көрмеге әлемнің 26 елінің суретшілері қатысты. Олардың жұмыстары классикалық юмор, саяси сатира және юморлық фотография сияқты санаттар бойынша бағаланды. М.Әл-Заиди награданы өзі келіп ала алмады, себебі ол «шет мемлекеттің басшысына қатысты агрессиясы үшін» деген айыппен 3 жылға қамалып отыр. Әлемді шулатқан «бәтеңке лақтыру» оқиғасы былтыр Бағдадта Джордж Буш пен Ирак премьері Нури әл-Маликидің бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде орын алғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. «Әл-Бағдадия» телеарнасының 29 жастағы тілшісі Мунтазер аз-Зейди Бушқа бәтеңкесін лақтырып тұрып, «Мынау саған қоштасу сәлемдемесі», - деп айқайлаған болатын. Осы оқиға әлемде үлкен резонансқа ие болды. Тегранда Джордж Буштың портретіне бәтеңке лақтырудан жарыс өтті. Журналистке құрмет ретінде ирактықтар қоладан ескерткіш тұрғызды. Журналисті қорғауға 100-ден астам араб және басқа да елдердің адвокаттары ниет білдіруде. Өз қызметін ұсынғандардың қатарында Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейннің адвокаттарының бірі Халил әд-Дулейми де бар. «Бушқа бәтеңке лақтыр» деп аталатын компьютерлік ойындар шығарылды. Тіпті ирктық журналистің «ізбасарлары» шығып, Кембридж университетінде сөз сөйлеп тұрған кезінде Қытай Мемлекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоға студенттердің бірі бәтеңке лақтырды.