Куба президенті ауқымды реформалар пакетін жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Куба президенті Мигель Диас-Канель ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар пакетін жариялап, қоғамды бірлік пен ынтымаққа шақырды. Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлім етті.

Куба президенті ауқымды реформалар пакетін жариялады
Фото: Анадолы

Мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында ол бұл өзгерістердің АҚШ қысымымен емес, экономиканы жандандыру, басқарудағы шамадан тыс орталықтандыруды азайту және түрлі салаларға көбірек дербестік беру мақсатында қолға алынғанын айтты.

Президенттің сөзінше, реформалар туризм, инвестиция және сыртқы сауда салаларын да қамтиды.

— Еліміз бір орында тұрған жоқ. Біз қазіргі жағдайға ақылмен жауап беріп жатырмыз. Атқарып жатқан жұмыстарымыздың барлығын ашық айта алмаймыз, өйткені қарсы тарап әр қадамымызды бақылауда ұстап отыр. Біздің жауабымыз — бірлік пен ауызбіршілік болуы тиіс, — деді Диас-Канель.

Алдағы апталарда реформалар пакеті Куба Коммунистік партиясы Саяси бюросының қарауына ұсынылады. Кейін оны елдің бір палаталы парламенті — Халық билігінің ұлттық ассамблеясы қарайды.

Реформалардың негізгі бағыттары

  • Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көбірек еркіндік беріледі;

  • Сыртқы саудада мемлекеттік компаниялардың міндетті делдалдық қызметі жойылады;

  • Автокөлік импорттауға қойылған шектеулер жеңілдетіледі;

  • Шетелдік инвестицияларды тарту күшейтіледі;

  • Шетелде тұратын кубалықтарға ел азаматтарымен тең құқықтар беріледі;

  • Мемлекеттік аппарат ықшамдалып, министрліктер саны 27-ден 20-ға дейін қысқарады;

  • Тауарларды жаппай субсидиялау жүйесі біртіндеп тоқтатылып, әлеуметтік көмек тікелей мұқтаж азаматтарға бағытталады.

Туризм саласында жаңа кезең

Реформалар аясында Куба туризм нарығын жаңа бизнес үлгілері мен инвесторларға ашуды көздеп отыр. Бұл шешім АҚШ санкцияларына байланысты бірқатар шетелдік компаниялардың елден кетуі аясында қабылданды.

Испаниялық Melia Hotels International және Iberostar, канадалық Blue Diamond Resorts мен индонезиялық Archipelago International маусым айында Кубадағы қызметін толық немесе ішінара тоқтататынын мәлімдеген.

Бұл жағдай әскери холдинг құрамындағы Gaviota басқаратын көптеген қонақүйлердің болашағына қатысты белгісіздік туғызды.

Туризмдегі дағдарыс

Кубаның туристік саласы COVID-19 пандемиясынан бері күрделі кезеңді бастан өткеріп келеді. Ал биыл АҚШ санкцияларының күшеюі шетелдік туристер санының күрт азаюына әсер етті.

Кубаның Ұлттық статистика және ақпарат басқармасының мәліметіне сәйкес, жылдың алғашқы төрт айында елге 328 608 шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55,8 пайызға аз. Сәуір айында Кубаға небәрі 30 551 шетелдік турист барған.

Айта кетейік, жақында АҚШ Кубаға қарсы жаңа санкциялар енгізді.