Кубада электр жүйесіндегі ақаудан ел қайта жарықсыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM – 18 қыркүйекте Кубаның ұлттық электр энергетикасы жүйесі қайтадан толық істен шығып, ел билігі электрмен жабдықтауды қалпына келтіру хаттамаларын іске қосты, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы Кариб аралындағы мемлекеттің Энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді.
– Электр жүйесі толық істен шықты. Қалпына келтіру хаттамалары іске қосылды, – делінген министрліктің X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.
Кубаның энергетикалық жүйесі соңғы рет шілде айында толық істен шыққан. Ол кезде мұндай жағдай 10 күнге жетпейтін уақыт ішінде үш рет қайталанып, соның салдарынан ел аумағының басым бөлігі ұзақ уақыт бойы электр қуатынсыз қалған.
Кубадағы энергетикалық жағдай 2026 жылдың басында АҚШ билігі аралға мұнай жеткізуге қатысты шектеу шараларын енгізгеннен кейін күрт нашарлады. Жаз бойы елде электр энергиясы іс жүзінде тұрақты түрде тапшы болып, сумен жабдықтауда да елеулі іркілістер болды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Кубада энергетикалық жүйенің істен шығуынан кейін шамамен 10 млн тұрғынның жарықсыз қалғаны хабарланған.
Сондай-ақ Торонтодағы қатты найзағай ондаған мың тұрғынның электр қуатынсыз қалдырғанын жаздық.