Құбырдың жарылуынан Ақсу қаласында төтенше жағдай енгізіледі

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ақсуда құбырдың жарылуынан кәріз жүйесінің бір шақырымға жуық бөлігі айтарлықтай зақымданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Қаршыға Арыновтың айтуынша, бүгін Павлодар облысының басшылығы қала әкімінің техногендік төтенше жағдай туындағаны жөніндегі шешіміне қол қойып жатыр. Осыған орай әкім өңір басшылығынан 50 миллион теңге көлемінде қаржы сұрауда.

Құбырдың жарылуынан Ақсу қаласында төтенше жағдай енгізіледі

Ақсу тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ақпаратына сәйкес, зақымданған желілер «Ақсу су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансында тұр. Апаттық бригада жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінгеннен кейін кіріседі. Суды жеткізу графигі жасалды, оған көбіне ірі өнеркәсіп кәсіпорындары енді.  

Ақсу білім бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов балабақшалар мен мектептерде жағдай қалыпты екендігін жеткізді - мекемелерге суды тасып жеткізудің қажеттігі жоқ. Қала халқы сумен қамтамасыз ету жүйесінен ажыратылған жоқ, әлеуметтік нысандар штаттық режімде жұмысын жалғастыруда. Әзірге құбыр желісімен су аз мөлшерде өтуі үшін су беру көлемі азайтылды.

Апат коллектор учаскелерінің бірінде болды. Тазарту құрылыстары кәріздік коллекторының жоғарғы бөлігі тозығы жетуі салдарынан опырылып түскен. 50 мың халқы бар Ақсу қаласындағы кәріз желісінің жалпы ұзындығы 32 километрді құрайды.