Құбырлардан алынған ауыз су сынамасының 3,9%-ы санитарлық талапқа сай келмеді - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтырғы зерттеу бойынша құбырлардағы ауыз судың 3,9%-ы санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Тұжырымдамада елдің қазіргі инфрақұрылымына талдау жасалып, мәселелер көрсетілген. Солардың бірі – ауыз судың сапасы.

«Қауіпсіз су қоры, гигиена және санитария, сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығы үшін маңызды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша былтыр су құбыры суының 26 670 сынамасы санитариялық-химиялық көрсеткіштерге зерттелді. Оның ішінде 1 028 немесе 3,9%-ының талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ, 2022 жылы микробиологиялық көрсеткіштерге 28 764 су сынамасы зерттелді. Оның ішінде 646 немесе 2,4%-ы нормаларға сәйкес келмейді», - делінген тұжырымдамада.

Индустрия министрлігінің дерегінше, елімізде суды жинау, өңдеу қызметтерін көрсететін 558 кәсіпорын бар. Олардың ішінде 155-і (27,8 %) мемлекеттік коммуналдық меншікте болса, 403-і (72,2%) – жеке.

Ведомство бұл мәселелердің шешімі ретінде «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасын» бекітуді ұсынады. Онда қалалар мен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, оның сапасын жақсарту бойынша кешенді шаралар қарастырылған.

Құжат 15 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар