Құдалық, беташар, бесік той: Ордабасыда екі аптада 9 тойды тарқатуға тура келген

ТЕМІРЛАН. ҚазАқпарат - Түркістандық тәртіп сақшылары карантин режимін бұзған бірнеше тұрғынды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Құдалық, беташар, бесік той: Ордабасыда екі аптада 9 тойды тарқатуға тура келген

Індет жайлап, кең етек алғалы бері полиция қызметкерлерінің де біршама жұмыстары арта түсті. Әр тұрғынның денсаулығына алаңдап жүрген ордабасылық тәртіп сақшылары аудандағы тамақтану орындарына, сауда үйлеріне, азық-түлік дүкендерінде, адам көп шоғырланатын орындарда карантин талабының сақталуын қатаң қадағалауда.

Осындай кезекті рейд барысында Ордабасы ауданы көлемінде карантин режимінің талаптарын сақтамау бойынша мамыр айының екінші жартысында 9 жайт анықталды.

Атап айтқанда Ордабасы ауданы Темірлан ауылында орналасқан тойханалардың бірінде 70-ке жуық адам жиналып, құдалық тойы өткізген.

Ал Бөген ауылында жергілікті тұрғын өзінің үйіне 50-ден астам адамды жинап, беташар тойын жасағаны белгілі болды.

Сондай-ақ Бадам ауылындағы тойхананың бірі 80-ге жуық тұрғынды жинап, бесік тойын өткізген.

Оларға қатысты түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша тиісті материалдар топталып, құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Ордабасы аудандық СЭББ-ге жіберілді.

Түркістан облысы полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді.