Қуғын-сүргін жылдары 5,4 мың ақмолалық сотталып, 1,6 мыңы атылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні «Тағдыры қасіретті қайраткерлер» атты шара өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шарада қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрескен алаш арыстары мен халыққа танымал тұлғалардың портреттері мен Алаш қозғалысы тарихына қатысты суреттер көрмесі ұсынылды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы миллиондардың өмірін жалмаған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге арналған бейнефильм де көрсетілді.
Шараға қатысқан Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева сөз сөйлеп, 1998 жылдың 31 мамырынан бастап Елбасының бастамасымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып саналатын айта келе, тағылымды шараның маңыздылығына тоқталды.
«30-шы жылдардағы ашаршылықта қазақ халқының қырық пайыздай қырылды, ал саяси қуғын-сүргін кезінде жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталса, олардың 25 мыңы атылды. Оның ішінде Ақмола облысында 5,4 мың адам сотталып, олардың 1,6 мыңнан астамы атылды» - деді Г.Шөкеева.
Сонымен қатар, сталиндік солақай саясаттан зардап шекендер мен құрбан болғандардың бүгінгі ұрпақтары да өз ойларын ортаға салды.