Қуығы тесіліп, жатырынан айырылған: қызылордалық ана дәрігерлердің жауап беруін талап етті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық жас ана босану барысында денсаулығынан айырылып, дәрменсіз күйге түскені үшін дәрігерлердің жауап беруін талап етіп отыр.

Қуығы тесіліп, жатырынан айырылған: қызылордалық ана дәрігерлердің жауап беруін талап етті
Фото: Жәбірленушінің жеке мұрағаты

Жалағаш ауданының 30 жастағы тұрғыны биыл 18 сәуір күні жүктіліктің 38-аптасында қан қысымы көтеріліп, іші ауырып, жоспарлы түрде Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығына жолданған. Пациентке бірқатар диагноз қойылып, қағанақ суының ерте кетуіне байланысты 20 сәуірде босанудың бірінші кезеңі басталған. Дәрігерлер дәрі арқылы толғақ шақыруға тырысқанымен ұрықтың қауіпті күйі күшейіп, көп ұзамай кесар тілігі жасалады. Сәтін салып, қыз бала дүниеге келеді.

Қуығы тесіліп, жатырынан айырылған: қызылордалық ана дәрігерлердің жауап беруін талап етті
Фото: Жәбірленушінің жеке мұрағаты

- 6 мамыр күні қызыммен бірге үйге шықтым. Алайда қуанышым ұзаққа созылмады. Үйге келген соң жыныс мүшемнен қанды су ағып, кіші дәретке мүлдем шыға алмай қалдым. Жағдайым әбден ушығып, үш күннен кейін аудандық ауруханаға жүгіндім. Ол жақта бір апта, үйге келген соң тағы бір апта бойы тек катетермен жүруге мәжбүр болдым. Нақты жағдайды білу үшін 12 мамырда МРТ аппаратына түстім. Тексеру қорытындысында «жатырды қынапүстілік ампутациялаудан кейінгі күй, қуық-қынаптық жыланқөз белгілері, кіші жамбас шелмайының инфильтрациясы, эмфизематозды цистит» деп жазылған. Осыған байланысты 18 мамырда Ана мен бала орталығынан шыққан кезде дәрігерлер маған 3 айдан кейін жоспарлы ота жасату керектігін айтты. Белгіленген уақытта, яғни 3 тамызда портал арқылы клиникаға бардым. Келесі күні маған наркозбен цистоскопия жасалып, көлемі 0,5х0,7 см болатын қуық-қынаптық жыланқөз анықталды. Олар мені Қызылорда қаласындағы көпбейінді аурухананың урология бөліміне жоспарлы отаға жіберді. Алайда 14 қыркүйекте облыстық медицина орталығының урология бөлімшесіне барғанымда жергілікті дәрігерлер ота жасаудан үзілді-кесілді бас тартты. Олар «бұл – тесілген қуық, өте қауіпті әрі ірі көлемде, біз бұған ота жасай алмаймыз» дегенді алға тартты, - деді жәбірленуші.

Жас келіншектің туыстары оның ойда жоқта мүсәпір күйге түскенін ақ халаттылардың салғырттығынан деп есептейді.

Қуығы тесіліп, жатырынан айырылған: қызылордалық ана дәрігерлердің жауап беруін талап етті
Фото: Жәбірленушінің жеке мұрағаты

- Сіңлім бес ай бұрын Ана мен бала орталығында үшінші баласын босануға жоспарлы түрде жатқызылған болатын. Жасанды толғақ пен кесар тілігі арқылы босанды. Ертеңіне қызуы көтерілген, бірақ дәрігерлер мұны «қалыпты жағдай» деді. Екі күннен соң аяқасты жатырын алып тастаған. Сол аралықта қуығы тесілген, оны айтпайды. Үйіне келсе, дәретке шыға алмайды. Сіңлімнің орталықта айлап жатқаны аздай, бес айдан бері үлкендерге арналған жөргек киюге мәжбүр. Жергілікті мамандар тесілген қуықты қауіпті әрі үлкен көлемде болғандықтан тіге алмайды екен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгінгенімізбен еш қайран жоқ. Ісіне немқұрайлылық танытқан дәрігерлер әлі де өз қызметін жалғастырып жүр. Осындай әрекет салдарынан қаншама бала анасыз қалса не болады? - деді Ботагөз Бақбергенова.

Қызылордада ота жасау мүмкін болмаған соң туыстары оны жуырда Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығына апарған. Алайда орталық қызметкерлері пациенттің өміріне қауіп төндіреді деген себеппен отаны кейінге қалдырыпты.

Жәбірленуші мен оның жақындары жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарына жүгінген. Kazinform тілшісі ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне ресми хат жолдаған болатын. Департамент қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес арызы бойынша қазіргі таңда жоспардан тыс тексеру жұмысын тағайындауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Ведомство бұл шағымды өз құзыреті шеңберінде қарап, тиісті шешім қабылдау үшін оқиға болған мекеменің өзіне, яғни облыстық перинаталды орталыққа бағыттағанын хабарлады.

Қуығы тесіліп, жатырынан айырылған: қызылордалық ана дәрігерлердің жауап беруін талап етті
Фото: Жәбірленушінің жеке мұрағаты

Пациент пен оның туыстары облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қабылдауында болып, облыстық перинаталды орталықтың медицина қызметкерлерімен кездескен.

- Кездесу барысында оларға әйелдің денсаулық жағдайы, жүргізілген ем, медициналық бақылау нәтижелері және одан әрі медициналық көмек көрсету тактикасы бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Қарау қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырма берілді, - делінген орталықтың жауабында.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы пациентті одан әрі емдеу мәселесін бақылауға алды.

- Операция ананың өмірлік көрсеткіштеріне қарай жасалған. Дәрігерлер ана мен баланың өмірін сақтап қалуды мақсат еткен. Бұл – мүмкін болатын асқынулар. Қазіргі күні пациентпен байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Ол ота жасау үшін республикалық орталыққа жолданған болатын. Алайда денсаулығына байланысты ота уақыты шегерілді. Бұл жағдай бойынша тексеру жүріп жатыр. Тексеру аяқталған соң анығы белгілі болады, - деді басқарма басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова.

Қуығы тесіліп, жатырынан айырылған: қызылордалық ана дәрігерлердің жауап беруін талап етті
Фото: Жәбірленушінің жеке мұрағаты

Ұзаққа созылған ауыр дерт пен тән азабы пациенттің жан дүниесін қажытып, психологиялық тұрғыдан оны үлкен күйзеліске ұшыратқан. Мазасыздық пен үмітсіздік жас ананың жүйке жүйесін тоздырып, өмірге құштарлығын мүлдем төмендетіп жіберді.

- Аяқ-қолым сау, он екі мүшем түгел болып ауруханаға барғанмын. Ақыр аяғында дәрігерлердің салғырттығынан жатырымды алып тастап, тірі өлікке айналдым. Ешкімге керегі жоқ мүгедек болып қалдым. Мен әлі жаспын, дүниеге бала әкелгім келеді, бірақ ана болу бақытынан айырылдым. Сол себептен мені емдеген, ота жасаған дәрігерлердің іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін ауру тарихымнан бастап толық, жан-жақты және объективті түрде тексеру жұмысын жүргізіп, дәрігерлер тарапынан маған қатысты ота, ем жасау барысында қандай да бір өрескел кемшіліктердің болған-болмағанын анықтап, кінәлі дәрігерлерге тиісті шара қолдануды сұраймын, - деді жәбірленуші.

Еске салайық, жуырда елімізде дәрігерлердің қателігі үшін ақы төленетін жаңа заң күшіне енді.