Құқықтық статистика деректері «Отбасының цифрлық картасымен» біріктіріледі

цифрлық карта
Фото: ҚазАқпарат

Құқықтық статистика деректері «Отбасының цифрлық картасымен» біріктіріледі. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тəуекел тобындағы» отбасылармен мақсатты жұмыс істеу үшін Құқықтық статистика деректері «Отбасының цифрлық картасымен» (Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі) біріктірілетін болады. Оның аясында уəкілетті органдар тарапынан бақылау-қадағалау функцияларын автоматтандыру жолымен балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мəселелерін күшейтуге бағытталған ақпараттық жүйені енгіземіз. Жалпы, соңғы жеті жылда қабылданған іс-шаралармен кəмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың 3 820-дан (2015 жылы) 1 460-қа дейін (2023 жылы) 61,8 пайызға, оның ішінде олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы 52,3 пайызға (1 259-дан 600-ге дейін) дейін төмендеуі байқалады»,- деді Берік Асылов жауабында.

Айта кетейік, Бүгінгі таңда цифрлық картаға шамамен 6 млн отбасының, олардың жанұя мүшелерімен қосқанда 19 млн адамның мәліметтер енгізілген. Деректер отбасы мен оның мүшелерінің мәртебесі өзгерген сайын жаңарып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға рұқсат берілген кезде оған СМС-хабарлама жіберіледі. Кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін тағайындау жүзеге асырылады. Тиісінше, ол қаражат азаматтың банк шотына аударылады.

Соңғы жаңалықтар
telegram