Құқығы қорғалған 30 мың жұмысшыға 3 млрд-тан астам теңге төленді - ДСӘДМ

Жыл басынан бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекақы қарызы бар кәсіпорын басшыларына 1098 орындау туралы міндетті нұсқама беріп, 92,5 млн. теңгеден астам сомаға 1008 әкімшілік айыппұл салды. Қолданылған шаралар нәтижесінде еңбекақы қарызының көрсеткіші төмендеді. 30,4 мыңға жуық жұмыскерлердің құқығы қорғалып, оларға 3,7 млрд. теңгеден астам қаржы төленді.
Жалпы алғанда, мемлекеттік еңбек инспекторлары бір жылдың ішінде 902 кәсіпорынның 31,4 мың жұмыскерлеріне 4 млрд. 86 млн теңге көлемінде еңбекақы қарызы бар екенін анықтады. Аймақтық дағдарысқа қарсы штабтың 21 тамыздағы мәліметіне сәйкес, республикада 17 жұмыс берушінің 847 жұмыскерге жалпы сомасы 222,9 млн. теңгені құрайтын 3 ай мерзімге кешіктірілген еңбекақы қарызы сақталған. ҚР ДСӘДМ мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірігіп еңбек жанжалдарының шығу қаупі, жұмыскерлерді қысқарту мен босату, уақытылы еңбекақы төлеу бойынша ұдайы мониторинг жасайды. Еңбек заңнамасы мен жұмыскерлер құқығының бұзылуы бойынша анықталған барлық жағдайларда шұғыл шаралар қолданылады.