Құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған жоба келісім комиссиясында талқыланады
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасына Сенат тарапынан енгізілген өзгерістер талқыланып, құжат бойынша қос палата арасында келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасының мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты орнықтыру болып табылады. Сонымен бірге, құжат құқық тәртібін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылық профилактикасының тиімді жүйесін қалыптастыру шараларын қамтиды. Бұдан басқа, бұл бағытта атқарушы билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, құқық қорғау органдарының, әлеуметтік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері көзделіп отыр. Сондай-ақ, заң жобасында құқық бұзушылықтың алдын алатын субъектілердің іс-қимылын үйлестіру, бостандықтан айыру орындарында жазасын өтегендерді әлеуметтік бейімдеу шаралары және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру қарастырылған.
Жоғары палата депутаттары Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бірқатар түзетулер енгізген болатын. Атап айтқанда, сенаторлар белгілі бір тұрғылықты жері немесе құжаттары жоқ адамдарға қатысты жеке профилактика шарасы ретінде жүріп-тұру бостандығын алдын ала шектеуді ұсынды. Бұл ұсыныс Конституциялық кеңестің Парламентке жолдауын іске асыру мақсатында жасалып отыр.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті сенаторлар ұсынған тузетулердің бірқатарымен келіспейтіндіктерін білдіргендіктен, жоба келісім комиссиясының талқысына шығарылатын болып шешім қабылданды.