Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға байланысты кейбір шаралар туралы ҚР Үкіметінің Қаулы жобасы мақұлданды

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға байланысты кейбір шаралар туралы ҚР Үкіметінің Қаулы жобасы мақұлданды. Аталған Қаулыны бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңес барысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев таныстырды.

Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға байланысты кейбір шаралар туралы ҚР Үкіметінің Қаулы жобасы мақұлданды

Қаулы жобасында ІІМ-нің көші-қон полициясының заңсыз көшіп келуге қарсы әрекет саласындағы және ҚР аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатнама беру бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп шетел азаматтарының келуіне және шығуына бақылау бойынша «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесін әкімшілендіру бойынша функцияларын бере отырып құру көзделеді.

Сондай-ақ, Қаржы министрінің атап өтуінше, Ішкі істер министрлігінің 3 көліктегі ішкі істер департаменті мемлекеттік мекемелерін Ішкі істер министрлігінің 1 көліктегі ішкі істер департаментіне біріктіре отырып, қайта ұйымдастыру көзделеді.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінде жүргізілген мынадай қызметтерге байланысты функциялары мен қызметтерді: медициналық айықтыру қызметтерін денсаулық сақтау жүйесіне, кәмілетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметтерін білім беру жүйесіне, мемлекеттік техникалық бақылау жүргізу тәртібін айқындау және жүргізу көлік және коммуникация министрлігіне беру көзделген.

Б. Жәмішевтің сөзіне қарағанда, сонымен қатар ерекше қорғалатын маңызды стратегиялық нысандарды қорғау функцияларын қоспағандағы күзет қызметінің функциялары бәсекелестік ортаға берілмек.