Құқық қорғау органдары мен министрліктер жастардың арасында діни экстремизм идеологиясының таралуына жол бермеуді талқылады
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
ҚР Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, онда діни экстремизм мен терроризмнің профилактикасы мәселелері талқыланды.
Кеңестің жұмысына ҰҚК, ЭҚСЖҚКА, Есеп комитеті, Ішкі істер, Сыртқы істер, Әділет, Білім және ғылым министрліктерінің, сондай-ақ Дін істері жөніндегі агенттіктің басшылары қатысты.
Жиналыста лаңкестік іс-әрекеттің алдын алу және жолын кесу, тұрғындардың, әсіресе, жастардың арасында діни экстремизм идеологиясының таралуына тосқауыл қою бойынша тиімді шаралар қабылдау жөніндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын арттыру мәселелері талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша лаңкестікке қарсы күрес қызметін үйлестіру тетіктерін жетілдіруге, жұмыстың жаңа әдістері мен тәсілдерін қабылдауға, азаматтар мен қоғамды діни экстремизмнің болуы мүмкін қауіптерінен қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған келісілген шешімдер қабылданды.