Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтті
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат. Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа Бас прокуратураның баспасөз қызметінен. Мәжіліске Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттігі, ішкі істер, әділет, қаржы және төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктердің басшылары қатысты. Қайрат Мәми атап айтқандай, Елбасының тапсырмасына сәйкес, құқық қорғау қызметінің, әсіресе азаматтардың әлеуметтік және экономикалық құқықтарын қорғау, заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әрекеттерін үйлестіру күшейтілетін болады. Бас прокурордың пікірінше, Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі қылмыспен күресуді үйлестірудің неғұрлым тиімді құралына айналып, Кеңес мүшелерінің жауапкершілігін айтарлықтай жоғарылатуға тиіс.
Кеңестің ұйымдастырушылық және қызметтік өкілеттігін заңды түрде бекіту туралы шешім қабылданды. Бас прокуратура жанында тұрақты жұмыс істейтін Үйлестіру кеңесінің Хатшылығын құрып, оның құрамына құқық қорғау органдарынан жіберілген бір-бір өкіл кіргізу мүмкіндігі қарастырылды.
Сонымен қатар, Кеңестің жұмыс жоспарына өзгертулер енгізілді.
Сондай-ақ Үйлестіру кеңесінің барысында құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жөнінде де мәселе талқыланды. Мәжіліске қатысушылар ұлттық қауіпсіздік және қаржы полициясы органдарының баяндамаларын тыңдап, сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерді тергеу кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылады. Талқылау нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің реттілігін қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық шараларын қабылдау туралы шешім жасалынды. Атап айтқанда, Кеңеске қатысушылар ең алдымен жүргізіліп жатқан жұмысты жақсарту үшін туындап жатқан проблемаларды жедел шешу мақсатында өзара қарым-қатынастық жүйелі механизмді оңалту қажеттігі туралы ортақ пікірге тоқталды. Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Республикамыздың Бас прокурорының төрағалық етуімен сыбайлас жемқорлықтың неғұрлым салмақты, ең алдымен парақорлық фактілерін дер кезінде анықтау және сапалы тергеуді ұйымдастыру жөнінде штаб құру жөнінде шешім қабылданды.