18:08, 17 Тамыз 2010 | GMT +5
Құқық қорғау органдарының орталық және облыстық аппараттарын оңтайландырып, қалалық, аудандық бөлімшелердің күшін нығайту қажет - Елбасы
АСТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Құқық қорғау органдарының орталық және облыстық аппараттарын оңтайландырып, керісінше қалалық, аудандық бөлімшелердің күшін нығайту қажет.

Бүгін Ақордада құқық қорғау органдарын реформалау мәселесіне байланысты өткен мәжілісте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құзырлы органдардың алдына осындай міндет қойды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Мемлекет басшысы сөзінде құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстарының басым бағыттарының бірі - аталмыш орган аппаратынын оңтайландыру екендігін атап көрсеткен. Бұл мәселені шешу үшін Үкіметке тиісті штат бірлігін есептеп, оңтайландыру жұмыстары бойынша нақты ұсыныстар жасау қажет.
Президент бұл ретте орталық және облыстық басқару аппараттарындағы қызметкерлерді қысқарту арқылы қалалық және аудандық бөлімшелердің күшін нығайту қажеттігін ескерткен.