Құқық қорғау органына үміткерлерді полиграфологиялық тексерістен өткізетін заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы құқық қорғау органдарына қызметке тұруға кандидаттарға міндетті түрде полиграфологиялық зерттеуді қолдану тәртібін бекітеді. Бұл ретте заң нормаларына «полиграфологиялық зерттеу», «психофизиологиялық куәландыру» деген жаңа ұғымдар енгізіледі.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар полиграфологиялық зерттеуден өту міндеттерін пысықтауға бағытталған түзетулер ұсынған болатын. Атап айтқанда, депутаттар полиграфты қолдану аясын кеңейтуді және оны тек құқық қорғау қызметіне қабылданған кезде ғана емес, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестаттау, қажет болған жағдайда оларға қатысты қызметтік тергеу жүргізу кезінде де қолдануды ұсынады. Бұдан бөлек, құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасын ұлғайту ұсынылады.
«Прокуратура органдарына кадр даярлаудың кейбір ерекшеліктері ескеріле отырып, осы органға бірінші рет қызметке тұратын азаматтар үшін бір жылға дейін сынақты белгілейтін жаңа норма бекітілді. Бір құқық органынан екіншісіне ауысуы кезіндегі проблемалар, оның ішінде әскери, арнаулы атақтарды, сыныптық шендерді теңестіру мәселелері өз шешімін тапты», - дейді депутат Рамазан Сәрпеков.