Құқық қорғау саласын реформалау шаралары аясында зейнетақылық төлемдер ең жоғарғы деңгейге жеткізіледі - он-лайн конференция

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Құқық қорғау саласын реформалау шаралары аясында осы сала қызметкерлерінің зейнетақылық төлемдері ең жоғарғы деңгейге жеткізіледі.

 Құқық қорғау саласын реформалау шаралары аясында  зейнетақылық төлемдер ең жоғарғы деңгейге жеткізіледі -  он-лайн конференция

Бұл туралы бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен он-лайн конференция барысында Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов мәлім етті.

Оның айтуынша, зейнетақылық төлемдердің деңгейі әр мемлекеттік органда әрқалай. Енді олар ең жоғарғы зейнетақы алатын органның көрсеткішіне қарай белгіленеді. «Бұл мәселелердің барлығы арнайы нормативті актілер арқылы реттеледі. Әзірге қандай да бір деңгей туралы айтуға болмайды. Алайда, біз зейнетақыны ең жоғарғы көрсеткішке жеткіземіз деп айта аламын. Айталық, қылмыстық атқару жүйесіндегі зейнетақы өзге органдарға қарағанда ең төмен болатын болса, болашақта ол Қорғаныс министрлігі немесе Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты органдардың зейнетақыларына теңестіріледі», - деді вице-министр.