Құқық қорғау саласында жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейді – запастағы әділет майоры
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны Айсұлу Алшынбаева 15 жылға жуық ішкі істер органдарында жұмыс істеді. Былтыр зейнет демалысына шыққан әділет майоры «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша курстан өтіп, бүгінде хоббиін табыс көзіне айналдырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тоғыз ай бұрын зейнет демалысына шыққан Айсұлу Алшынбаеваның қол қусырып отырған бір күні жоқ. Бір күні тапсырыспен торт пісіруге кетсе, келесі күні тойға арналған қалта-дорба тігумен, тойбастар әзірлеумен өтуі мүмкін. Одан қолы қалт етсе қыз-келіншектерге маникюр жасайды. Шеберлік оған анасынан дарыса, тырнақты әсемдеуді арнайы курста меңгерді.
«Маған қыздарға қуаныш сыйлаған ұнайды. Жұмысына риза болса, шеберге одан артық бақыт жоқ шығар. Өздігімнен кондитерлік ісін меңгердім. Тамақ пісіруді жақсы көремін. Үйде екі тоңазытқышым бар. Жыл бойы дастарханымнан жеміс-жидек, саңырауқұлақ, көкөніс үзілмейді. Бұдан басқа полиграфиялық қызмет көрсетемін. Қолдан ерекше сыйлықтар жасаймын. Мұның бәрі маған табыс қана әкелмей, жаныма рақат сыйлайды», - дейді Айсұлу.
Айсұлу Алшынбаева 15 жылға жуық ішкі істер органдарында еңбек етті. Зейнет демалысына қылмыстық атқару жүйесінен штабтың аға инспекторы қызметінен кетті.
«Ішкі істер органдарына жұмысқа орналасқаныма ешқашан өкінген емеспін десем – өтірік айтқаным. Кезекшілік, патрульдеу, рейдтер – алдын ала ештеңені жоспарлай алмайсың. Жұмысың да кейде түнге дейін созылып кетуі мүмкін. Келген кезде «неге келдім, не істеп жүрмін осында?» деген сұрақтарды өзіме жиі қоятынмын. Әрі менің бұрынғы жұмысым да жаман емес еді, мектептен бұл салаға оқу ісінің меңгерушісі қызметінен келдім. Қиындықты жеңуге жолдасым көмектесті. Ол да - погон таққан қызметкер», - дейді запастағы әділет майоры.
Айсұлудың айтуынша, құқық қорғау саласында адам ең алдымен өзіндік тәртіпке және асқан жауапкершілікке үйренеді. Бұл құрылымның артықшылықтары өте көп. Мансабын жоғарылатып, жақсы тәжірибе алуға болады. Әлеуметтік жағдай да қарастырылған, зейнет демалысына да ерте шығуға болады.

«Әйелдерге қай қызметте болсын қиынырақ. Өйткені жұмыстан бөлек ол отбасының жағдайын жасауы керек, баласына қарап, үйінің шаруасын тындыруы қажет. Келген қонақты күліп жүріп қарсы алып, шығарып салуы тиіс. Ер адам сияқты жұмыстан кейін шаршадым деп жата алмайды. Жалпы қыз-келіншектерге айтар кеңесім – олар қайда болмасын өзінің әйел екенін ұмытпауы керек. Олар ең алдымен біреуге - ана, біреуге – жар, енді біреуге – қарындас-апа-сіңлі. Менде отбасым үнемі бірінші орында тұрады», - дейді Айсұлу Алшынбаева.
Айсұлу бүгінде бос уақытының бәрін сүйікті істерімен айналысуға арнаған. Бөлме гүлдерін өсіреді, тоқиды, тігеді, отбасыларын қуантып түрлі торттар пісіреді. Жақында «Бизнес-бастау» бағдарламасы бойынша курстан өткен ол өзінің бизнес-жобасын ойдағыдай қорғап шықты. Грант алысымен өз кәсібін ашып, жоспарларын іске асырмақ.

