Құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін тексеру -бүгінгі күндегі ең өзекті мәселе - қоғамдық бақылаушы
АЛМАТЫ. 26 қазан. ҚазАқпарат - Халықтың құқық қорғау органдарының мамандарына деген сенімін қалпына келтіру қазіргі таңда ең қажетті әрі өткір мәселе.
Бұл туралы кеше Алматыда кедендік бақылау департаментінің құқық қорғау блогына тағайындалған қызметкерлерді атестаттаудан өткізу кезінде айтылды.
"Құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін тексеру бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе деп білеміз. Жұртшылық арасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің моральдық-адамгершілік жауапкершіліктері төмен деген пікір жиі айтылатын болды, әсіресе, қарапайым халық тарапынан арыз-шағым көп. Міне, жаппай кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің сыры да осында жатса керек", - дейді аймақтық аттестаттау комиссиясының мәжілісіне қатысқан қоғамдық бақылаушы Александр Ена.
Мамыр-тамыз айы аралығында Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің Ішкі қауіпсіздік басқармасы, Контрабандаға қарсы күрес басқармасы мен Жедел кезекшілік бөлімдерінің қызметкерлері аттестаттаудан өткен болатын. Аймақтық аттестаттау комиссиясының бірінші қорытынды сынағы бойынша 34 қызметкердің екеуі кеден органынан шығарылған еді.