Құқық қорғаушылар академиясында кейбір қызметкерлер қай есіктен кіретінінін білмейді- Мерзадинов
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов аталған оқу орнының кемшін тұстарын айтты. Айта кеткен жөн, академияда барлық құқық қорғаушылар өз білімдерін шыңдай алады. Жақында Е.Мерзадинов академияның жаңа ректоры болып тағайындалған болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Академияда оқу бағдарламалары практикамен мүлдем үйлеспейді. Ішінде теориядан басқа ештеңе жоқ. Мен өзім нақты мысалдарға негізделген оқу бағдарламасын көрген емеспін. Ашығын айту керек, көбісі академияға ешбір дайындықсыз келеді. Кей кезде адамның жұмыс істеп жүрген саласы оқу бағдарламасымен сәйкеспейді. Демек, академияға бос жүрген қызметкерді жібере салады», - деді Е.Мерзадинов бүгін Бас прокуратураның алқа мәжілісінде.
Оның айтуынша, академия қызметкерлерінің кәсіби дайындығын жан-жақты тексеріп шығу қажет. Себебі мамандардың ауысуы жиілеп кетті. Үш жылдың ішінде аталған көрсеткіш 60 процентті құрады.
«Еңбек тәртібі осал. Әрбір екінші қызметкер «больничныйда» жүрді. Ал кейбір қызметкерлер бір жылда екі рет емес, 8-10 рет «ауырып» шығады. Бұның барлығы күнделікті нәрсеге айналды. Сосын академияда үш жыл істесе, кіретін есікті де білмейтін қызметкерлер бар», - деп атап көрсетті Е.Мерзадинов.
Бұл ретте Бас прокурор Қайрат Қожамжаров академияның жағдайына байланысты өзінің пікірін айтты.
«Маған келетін қызметкерлердің көбісі академияға ауыстыруды сұрайды. Содан қатты күдіктене бастадым. Әрине, адам көп талап қойылмайтын жерге барғысы келеді. Сосын ол жақта жалақы жақсы. Еңбек өтілін де жақсы санайды. Сондықтан бүгінгі мәселе дер кезінде көтеріліп отыр», - деді Қ.Қожамжаров.