Құқықтық саладағы түбегейлі өзгерістер уақыттың талабынан туындап отыр - Р. Мұқашев

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, «Нұр Отан» ХДП, ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы, Құқықтық саясатты зерттеу орталықтарының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел болып өтті.

Құқықтық саладағы түбегейлі өзгерістер уақыттың талабынан туындап отыр - Р. Мұқашев

Жиын: «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы ҚР Президентінің Жарлығы аясында ҚР заңнамасының дамуы» атты тақырыпты қамтыды.

«Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап демократиялық және құқықтық мемлекетті құру бағытын таңдап алып, мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде адам мен оның құқын және бостандығын мойындайтын болды. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктен бергі уақытта жас Қазақстан дәл осы құқықтық мемлекеттік құрылым бойынша біршама шаралар атқарғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс еш тоқтаған емес. Бұған 1994 жылы қабылданған құқықтық реформа жөніндегі мемлекеттік бағдарлама мен 2002 жылғы Құқықтық саясат тұжырымдамасы дәлел бола алады. Сонымен қоса, бүгінгі күні уақыттың өзі құқықтық салада түбегейлі өзгерістерді талап етуде. Соның нәтижесінде 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясатты дамыту тұжырымдамасы қабылданып отыр», - деді жиынды ашқан Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының елдегі құқықтық саясатты жүзеге асыру бағытындағы ерекше рөліне тоқталған депутат, мемлекеттің құқықтық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған онждылдық тұжырымдаманың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында осы саланың бұдан әрі дамуының барлық бағыттары қамтылып, құқық қорғау органдарын реформалау мәселесі де көрініс тауып отыр.