Құқықтық статистикалық ақпарат құқық қорғау органдарының жұмысын бағалаудың өзегі болуы тиіс - А. Судьин

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Құқықтық статистикалық ақпарат құқық қорғау органдарының жұмысын бағалаудың өзегі болуы тиіс.

Құқықтық статистикалық ақпарат құқық қорғау органдарының жұмысын бағалаудың өзегі болуы тиіс - А. Судьин

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында Қазақстан Республикасындағы құқықтық статистиканың қалыптасуы және саланы одан әрі жетілдіру мәселелері тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Палата төрағасының орынбасары Александр Судьин осылай мәлім етті.

Жиынға қатысушыларға құттықтау сөзін арнаған вице-спикер Александр Судьин, құқықтық статистика саласындағы жаңа міндеттер ауқымына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұндай міндеттер негізінен құқық қорғау жүйесінің қызметін реформалау, құқықтық кеңістікті жетілдіру аясында қабысып жүргізілуі шарт. «Мемлекет басшысы заңдылық режимі мен құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша бағдарламалық құжаттар қызметіне жаңа сапалы талаптарды айқындай келе, қазақстандық құқықтық статистиканы жетілдіру қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Жалпы, құқықтық ақпараттық статистика құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігі мен сапасын бағалаудың ең басты өзегі болып табылады. Бұдан бөлек, объективті, толыққанды, сенімді әрі сапалы құқықтық статистика заң шығармашылығы үдерісінде де маңызды орын алады», - деді вице-спикер.

Сөз арасында құқықтық саланы дамыту бойынша өз ойын ортаға салған А. Судьин, аталған институттың құқық қолдану практикасы мен құқықтық ғылымды дамытудағы маңыздылығын да атап өтті.