«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары кезінде 1815 қылмыс тіркелді - ІІМ
АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары кезінде 1815 қылмыс тіркелді.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ өткен брифингте ведомствоның баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Өткен аптада Ішкі істер министрлігі мен оның құрылымдық бөліністері бірқатар жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, Конституция күнін мерекелеу қарсаңында көшелер мен қоғамдық орындарда жедел жағдайды сауықтыру, ескерту, жолын кесу мақсатында 25-27 тамыз аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізілді.
Операция кезінде 1815 қылмыс тіркелді. Оның 141-і қоғамдық орындарда жасалған», - дейді баспасөз хатшысы. Операция барысында 92 қылмыс ашылған.
26 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде болғаны, тұрғын үйден тыс жерлерде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдердің ілесіп жүруінсіз болуы, автокөлікті мас күйінде басқаруы анықталды.
Сонымен қатар, 27 тамызда адам саудасы, жеңгетайлық, притон ұстау, жезөкшелікпен айналысуға тарту, адамдарды ұрлау және пайдалану мақсатында адамдарды бас бостандығынан заңсыз айыру фактілерін анықтау бойынша криминалдық полиция бөліністері жүргізген «STOP-трафик» жедел іздестіру іс-шаралары аяқталды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері адам саудасының 5, кәмелетке толмағандардың 3, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 3, жеңгетайлықтың және притон ұстаудың 40 фактісін анықтады.