Құлаған адамды анықтап, жедел жәрдем шақырады: петропавлдық оқушы ЖИ бар көмекші әзірледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда мектеп оқушысы Артур Штейнер жалғыз тұратын қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған HelpMate жобасын әзірледі.

Артур Штейнер
Фото: Артур Штейнердің жеке мұрағатынан

Жобаның негізгі мақсаты - жалғыз тұратын қарттардың жағдайын бақылап, төтенше жағдайда дер кезінде көмек көрсету. Жасанды интеллектіге негізделген көмекшінің авторы - Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Артур Штейнер. HelpMate – оның алғашқы ірі бастамаларының бірі.

x
Фото: Артур Штейнердің жеке мұрағатынан

- Бағдарламалауды Scratch платформасынан бастадым. Алғашында шағын ойындар құрастырдым. Басқа балалардың интернеттегі және көрмелердегі жобаларын көріп, олардың жұмысына қызықтым. Өзім де сондай пайдалы дүние жасағым келді, - дейді жас өнертапқыш.

Артурдың айтуынша, жалғыз тұратын егде жастағы адамдардың жағдайы нашарлаған кезде, туыстары бұл туралы біле бермейді. Әсіресе, адам құлап қалып, өздігінен телефон соға алмайтын жағдайда уақыт жоғалту қауіпті.

HelpMate көмекшісі камера арқылы адамның құлағанын анықтайды, ал ақылды білезік пульс пен денсаулықтың өзге де көрсеткіштерін бақылауға көмектеседі. Қауіпті жағдай тіркелсе, көмекші адамның туыстарына хабарласады. Қажет болса бірден жедел жәрдем қызметін шақырады. Бұдан бөлек, жүйе дәрі қабылдау, су ішу және тамақтану уақытын еске салады.

Артур Штейнердің жеке мұрағатынан
Фото: Артур Штейнердің жеке мұрағатынан

Бастапқыда робот ретінде жасалған жоба қазіргі уақытта көпшілікке қолжетімді болуы үшін мобильді қосымшаға өзгертіліп жатыр. Енді арнайы құрылғы сатып алмай-ақ, қолда бар смартфон мен үйдегі техниканы пайдалану мүмкін болмақ. Бұл істе оқушыға мектептегі жетекшісі Әсел Серікқызы көмектеседі.

- Бұл жобамен 2025 жылдың ақпанынан бері айналысып келемін. Басында робот тым үлкен әрі құрастыруы күрделі болды. Кейін алгоритмдермен жұмыс істедім. Жүйеге жағдайды дұрыс танып, қажетті ақпаратты есте сақтауды үйрету ойлағанымнан әлдеқайда қиын болды, - дейді жасөспірім.

Артурдың айтуынша, HelpMate прототипі нақты жағдайда сынақтан өткен. Ендігі мақсат - алғашқы тұтынушыларды тауып, жобаны одан әрі дамыту. Артур қосымшаны ресми түрде App Store және Google Play платформаларына шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қазақстандағы қарттар пансионаттарымен байланыс орнатуға кіріскен.

Артур Штейнер
Фото: Артур Штейнердің жеке мұрағатынан

HelpMate жобасымен Артур Social Impact Award Kazakhstan байқауының финалисі атанып, Tech for Impact бастамасы аясында өңірдегі бес жобаның қатарына енген. Жас өнертапқыш қыркүйек айында AI&MedTech Day іс-шарасында да сөз сөйлеп, сала мамандарымен танысып, тәжірибе алмасты. Қазір осы бағыттағы әріптестікті жалғастырып жатыр.

- Бұл мен үшін үлкен жеңіс болды. Еңбегімнің зая кетпегенін сезіндім. Сарапшылар жобаның тәжірибелік пайдасы бар екенін атап өтті. Осыдан кейін HelpMate-ті әрі қарай дамыту керек екенін түсіндім, - дейді ол.

Жасөспірім сондай-ақ Солтүстік Қазақстанның агрохолдингтеріне арналған Gridfrost жүйесін де әзірлеп жүр. Бұл жоба егіс алқаптарының жай-күйін бақылауға арналған және дала жағдайында сынақтан өткізілген.

Алдағы уақытта Артур IT саласында білім алып, кәсіби тұрғыда дамуды жоспарлап отыр. Әзірге қай оқу орнын таңдайтынын нақты шешпегенімен, болашақтағы бағытын айқындаған.

Бұған дейін қазақстандық жас аспаз Дулат Тантаев 14 жасында YouTube-тың алтын батырмасын иеленіп, 17 жасында Forbes Kazakhstan журналының «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енгенін жазған едік.