«Құлагер» ескерткішінің авторы Сәдібек Түгел 65 жасқа толды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, публицист Сәдібек Түгел 65 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сәдібек Түгел 1955 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Аманкелді ауылында дүниеге келген.

1980 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы Алматыдағы политология-басқару институтын (бұрынғы жоғарғы партия мектебін) тәмамдаған. Әскери міндетін атқарып келген соң, Алматы мақта иіру фабрикасында слесарь болып жұмыс істеген.
1977–1978 жылдары Ұлан аудандық «Расцвет» – «Өркен» газетінде аудармашы, 1978–1979 жж. Ұлан аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, 1979–1984 жылдары Ұлан аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1990–1991 жылдары аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 1991–1992 жылдары халық депутаттары аудандық Кеңесінің тексеру комиссиясының төрағасы, 1992–1994 жылдары аудандық «Ұлан таңы» – «Уланские зори» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. Мемлекеттік емтихан комиссиясының 1990 жылғы шешімімен политолог, жоғарғы және орта дәрежелі оқу орындарында әлеуметтік-саяси мәселелерінің оқытушысы мамандығын алған.
1994–1998 жылдары «Қазақ Телевизиясы мен Радиосы» Корпорациясында жауапты қызметтер атқарып, 1998–2003 жылдары елордамыз – Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі, Астана Халықаралық баспасөз орталығының бас директоры міндетін атқарған. 2003–2005 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұқаралық ақпаратпен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты түрлері федерациясының Президенті болып қызмет атқарады.

Әңгімелері газет, журналдарда жарияланып тұрады. «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» деректі повесінің, «Асыл жиреннің киесі» әңгімелер жинағының авторы.
Сонымен қатар, ол 2010 жылы «Нұр-Сұлтан – Көкшетау» тасжолының бойында орнатылған Ақан серінің «Құлагеріне» арналған ескерткіш идеясының авторы. Ол бұл туралы: «Бұл ескерткіш – жәй ғана тас емес, ол Ұлы Даланың – қасиетті символы! Ұлтымыздың алтын тарихы, киелі құндылығы!...», деп бір сөзінде атап өткен еді.
