«Құлагер» ХК Қазақстан кубогының иегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда «Астана» мұз айдынында 28 тамызда Қазақстан Кубогының 14-ші ойынының финалдық матчы өтті. Оның қорытындысы бойынша турнирдің жеңімпаздары мен үздік ойыншыларын марапаттау рәсімі болды.
Біріншілік жеңімпаздары «Құлагер» ХК хоккейшілеріне жарыстың бас жүлдесі - Қазақстан Кубогын Хоккей федерациясының президенті Асқар Мәмин мен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов табыс етті, деп хабарлады КТЖ баспасөз қызметі.
Асқар Мәмин мен Болат Бақауов турнирдің барлық қатысушылары мен жүлделі үш орынды иеленген ұжымдарды құттықтап, жаңа биіктерді еңсере берулерін тіледі.
Еске салсақ, Қазақстан Кубогы 2016 жылы елдің екі қаласында өтті: Павлодарда («А» тобы) және Көкшетауда («Б» тобы). Жарысқа 10 команда қатысты. Бас жүлдені «Құлагер» хоккейшілері еншіледі, екінші орынды «Ертіс» иеленді, үшінші орын «Алматы» ХК-на бұйырды.
Амплуа бойынша: Андрей Янков - үздік қақпашы, Нериус Алишаускас - үздік қорғаушы, Ильнар Мисхабов - үздік шабуылшы, Александр Борисевич үздік жас ойыншы атанды.