Кулагин қарамағындыларға бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді тапсырды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мәселелері қаралып, осы бағытта жүзеге асырылуға тиісті нақтылы міндеттер белгіленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аппарат кеңесіне облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі жаңа жыл мерекесі күндері төтенше жағдайлар және коммуналдық қызмет саласы тарапынан атқарылған жұмыстарды саралай келе, осыған жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда облыс басшысы қала және аудандардағы шалғай елді мекендерге қатынайтын жолдарды қардан тазалап отыру қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, Атбасар, Целиноград және Қорғалжын аудандарында көктемгі су тасқынын алды алу бағытында жүзеге асырылатын кешенді шараларды бақылауына алатынын ескертіп өтті.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді әрі дер кезінде игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.