Кулагин өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттарымен кездесті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кулагин өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттарымен кездесті

Аймақ басшысымен кездескен Мәжіліс депутаттары атынан  Сапар Ахметов жұмыс сапарларының мақсат жоспары жайында айтып берді. Облысымыздың бірқатар өңірлерінде болып, жұртшылық өкілдерімен кездесулер өткізетін халық қалаулылары жергілікті жердегі атқарылып жатқан істермен танысып, көпшіліктің ой-пікірлерін тыңдамақ. Облыс әкімі депутаттардың заң шығару сияқты маңызды жұмыспен айналысып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқандығын айта келе, осындай ауыр да, жауапты жұмыстарына табыс тіледі.

«Өткен жылы еліміз өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткендігі белгілі. Осы кезең ішінде Қазақстан үлкен табыстарға қол жеткізді. Астаналық облыста да атқарылған істер мен қол жеткен жетістіктер аз емес», деді С.Кулагин.

Одан әрі аймақ басшысы аграрлық аймақтан аграрлық-өнеркәсіптік аймаққа айналған өңіріміздегі атқарылған шаруалар жайында баяндап берді.

«Соңғы жылдарда облысымызда көптеген ірі өнеркәсіп саласындағы жобалар жүзеге асырылып, өнеркәсіп өнімдері көлемі арта түсті.  Өткен жылы облыс құрылысшылары тұрғын үй салу жоспарын 145 пайызға орындап, көптеген отбасылары баспаналы болды. Мемлекеттік бағдарламалардың бәрі орындалуда. Жыл қорытындысына сай мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаржы  99,3 пайыз көлемінде игерілген. Облыста ауыл шаруашылығы саласының жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен күзде облыс диқандары қазіргі замаңғы озық агротехникалық шараларды қолданудың арқасында 5,7 миллион тонна астық жинады», дей келе аймақ басшысы Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуда Ақмола облысының үлесі зор екенін атап өтті.