Кулагин жолды қардан тазалайтын ұйымдар мен құтқару қызметтерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының əкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен аппарат кеңесін өткізіліп , онда ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне дайындық және республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымдағы жай-күйі жан-жақты қаралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдағы келе жатқан тәуелсіздік мерекесіне орай жүргізіліп жатқан қауырт дайындық туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов хабардар етті. Оның айтуынша, мерекені лайықты атап өтуге бағытталған жұмыс кестесіне сәйкес қолға алынған барлық мазмұнды іс-шаралар өз кезегімен өткізіліп, мәреге жетуге таяу. Аймақта қараша айының 21-інен бастап, байтақ еліміздің барша аумағы тәрізді, өңірдің елді мекендерін тегіс қамтыған жұлдызды 25 күн аясындағы шаралар ұйымдастырылуда. Оған қоса Ақмола облысының тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толайым табыстарын кеңінен жарқыратып көрсететін ақпараттық мазмұндағы медиа-жоспар жүзеге асырылуда.
Өңір басшысы мереке күндері барлық тиісті ұйымдардың кезекшілік ұйымдастыруы қажеттігін атап өтті. Әсіресе, коммуналдық және құтқару қызметтері тәулік бойы жұмыс істеулері керек. Жауапты адамдар бекітілуі қажет. Аппарат кеңесінде қыс маусымында автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстап тұру мәселесі де көтерілді. Бұл бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Бекішев пен «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Талғат Смағұлов есеп берді.
Б.Бекішевтің айтуынша, өңірдегі 7890 шақырым автомобиль жолының қысқы маусымдағы жай-күйі қатаң бақылауға алынған. Бұл жолдың ішінде облыстық маңыздағы 2665 шақырым, аудандық маңыздағы 2965 шақырым автомобиль жолдары бар.
Қазіргі күні мердігер ұйымдар мен олардың диспетчерлік қызметі арасында жедел байланыс орнатылған. Үстіміздегі жылы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын және Көкшетау, Степногор қалаларының көшелерін қардан тазалау үшін 180,8 миллион теңге қаржы қарастырылған. Жергілікті шаруашылық жүргізуші нысандармен 211 меморандумға қол қойылған.
Ал, Талғат Смағұловтың сөзіне қарағанда, «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының жауапкершілігінде 2260,5 шақырым автомобиль жолдары бар. Жолдарды қардан аршу, тазалау, сондай-ақ, жолаушылар іркіліссіз жүретін барлық жағдайды туғызуға байланысты басқа да шаруалар күні бұрын бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Кеңес соңында облыс әкімі табиғаттың тосын мінезін ескере отырып, жолды тазалап, күтіп ұстайтын ұйымдар мен құтқару қызметтеріне бірлесе жұмыс істеу керектігін тағы бір қадап айтып өтті.