«Кулагиннің ұлы «құлады», ал өзгелер қазақ тілін қаншалықты меңгерген?» - БАҚ-қа шолу

***
«Үржар ауданын көктеп өтетін Таскескен-Бақты тас жолының бойындағы Лайбұлақ және Жаңа тілек ауылдарының орта тұсынан алтын адамның сүйегі табылды. Есік қорғанынан табылған алтын адамдікіндей басындағы сәукелесі мен үстіндегі киімі әжептәуір, сүйегі сол қалпы жақсы сақталған. Бәрі де алтын зерлі», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Тағы бір «Алтын адам» табылды!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, бұдан өзге солтүстік-шығыс жағындағы іргесіндегі бөлек зираттан тағы бір мәйіт шыққан. Оның басы, қолы кесіліп тасталған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ханшайымның құлы, бәлкім, күңі болуы ықтимал. Сақ заманының билеушісінің қызы болуы мүмкін деген бұл алтын адамды зерттеуші ғалымдар «Үржар ханшайымы» деп отыр.
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Онда алдын ала бекітілген күн тәртібіне сәйкес бірқатар заң жобалары қаралды. Осы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Қаржы жұмсаудағы қырсыздықтар» деген тақырыппен берілген. «Есеп комитеті орталық мемлекеттік органдардың бюджеттің 41,8 миллиард теңгесін пайдаланбағанын алға тартты. Ведомство төрағасы Аслан Мусиннің мәліметіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар 50,5 миллиард теңгені игермегендіктен, 24 миллиарды бюджетке кері қайтарылған. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілері 21,8 миллиард теңгені игермепті. Осылайша есепті кезең ішінде 114,1 миллиард теңге сомасындағы бюджет қаражаты пайдаланылмай қалған»,- деп жазады басылым.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдімен арадағы сұхбат «Репрессияның ашылмаған бір бағыты - биліктің ғалымдарды қудалауы» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Қазақстанда қудалау басқаша сипатта жүргізілді. Қазақ ғалымдарынан да большевиктік көзқарасты қабылдау талап етілді, сонымен қоса «буржуазиялық ұлтшылдық көзқарастасың деп, сондай-ақ қазақ ұлтшылдары» деп айыптады», - дейді.
«Сонымен атқарушы биліктегі әкімдер мен орынтаққа қызығушылардың түн ұйқысын төрт бөліп, екі аптаға созылған тест тапсыру науқаны да аяқталды. Лауазымды мансап иеленгісі келетіндердің қарасы тым мол болғандығын «А» корпусына үміт етушілердің 2024 адамға жеткенінен де аңғару қиын емес», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, әзірше үміткерлердің үштен бірі сынақтан сүрінді, қалғандарының бірден бағы жанып, жайлы орынтаққа отыра салу да екіталай. Себебі 4 маусымда сынақтың екінші кезеңі, яғни Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның әңгімелесу жұмыстары басталады. Мақала «Кулагиннің ұлы «құлады», ал өзгелер қазақ тілін қаншалықты меңгерген?» деген тақырыппен берілген.
***
«Атырауда ерекше концерт өтіп, онда бір мезетте мыңнан астам музыкант қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының күйін орындады» деп жазады «Экспресс-К» газеті «Кюй до Гиннеса доведет» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған идея жергілікті билікке тиесілі екен. Шараға Қазақстанның облыстарынан және Ресейден шығармашылық ұжымдар шақырылған. Жиналған өнер ұжымдары «Мұнайшы» орталық стадионында Құрманғазының, Дина мен Тәттімбеттің және Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін орындаған.