Құлағының есту кемістігі бар жасөспірімдер енді репродуктивті денсаулық туралы ақпараттан шеттетілмейді

Бұл туралы бүгін «Қазақстандағы саңырау адамдардың проблемалары» атты баспасөз мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нашар еститін және саңырау адамдар мүмкіндігі шектеулі басқа адамдар сияқты ВИЧ, сексуалды және репродуктивті денсаулық туралы ақпараттан әдетте «шеттетіліп» қалады. Олардың мұқтаждықтарына назар аударылмайды. Дәстүрлі бағдарламалар осы топтардағы адамдардың қажеттіліктеріне бейімделмеген. Соның салдарынан саңырау адамдар «ВИЧ», «СПИД» туралы хабардар емес. Саңырау адамдар үшін ыммен сөйлесу тілі араласудың негізгі тілі болып табылады. Осы сөйлесудің графикалық тілінің көмегімен жазылған ВИЧ, СПИД туралы материалдар іс жүзінде жоқ. Сонымен қатар, жасөспірім-мүгедектер интимдік мәселелерден хабардар ететін ыммен сөйлесудің «мәдени» тілін меңгермеген», дейді «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығының жетекшісі Аманбике Ерғалиева.
Оның айтуынша, бұл жоба құлағының есту кемістігі бар мүгедек-балаларға ВИЧ-тің алдын-алу мәселелері бойынша хабардар болу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал әзірленген әдістемеліктер ВИЧ-тің таралуының алдын-алу жөніндегі ақпараттарды балаларға жеткізуге көмек береді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні елімізде нашар еститін және саңырау 155 000 азамат есепке алынған.